ЖЕМІС МОЛ БОЛАДЫ

342 Views

Аталарымыз: «Бір тал кессең – он тал ек» дейді. Ал, Қазақстан Үкіметі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жақын болашағымызға арналған байыпты бағдарламасын қабылдап, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қыруар қаржы бөлді. Біз егіншіліктің бағбандық бағытын өзімізге кәсіп ет­тік. Міне, үш жылдан бері мемле­кет­тік «Агроэксперт» бағдарламасы шеңберінде құрылған «Агропарк-Құлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 гектарға бау өсіріп, оны тамшылата суаруды қолға алды.
Осы ауқымды жоба бойынша қазір 250 гектар алқапқа бау орнаттық. Келешек жоспарымызда 600 гектарға алма, 200 гектарға жаңғақ, 100 гектар­ға жүзім отырғызу көзделіп отыр. Егер осы жоба жүзеге асатын болса екі мың адамды жұмыспен қамтама­сыз ететін боламыз. Әзірге 150 гектарға алма ағашын, 100 гектарға шие отырғызылды. Осы күзде тағы да 150 гектар алқапқа алма көшеттері егіледі. Қазіргі таңда оның жері жыртылып, өңделуде. Күзге салым алманың «Айдарет», «Золотой превосход», «Гала», «Караван» сияқты сорттарынан 100 тоннаға жуық өнім жинау жоспарымызда бар. Ол жемістер Қазақстан мен жақын шетелдерге экспортқа шығарылады.
Қазіргі таңда бағбандарымыз елдегі індеттен сақтана отырып, қолда бар 12 «Беларусь» тракторы мен тал-дарақты дәрілеуге арналған 12 бүріккіш механизмнің көмегімен бақтарға күтім жасауда. Бақтағы жеміс ағаштарына гербицид шашу, қатараралығын қопсыту, бұтақтарды отау сияқты жұмыстарды жүзге тарта бағбан атқарып жүр. Мәселен, Жанкелді Сәлімбаев алманың бригадирі. Оның Серік Мырзалиев, Динара Үсенбаева, Қайрат Әбдірайымов пен механик Алмаз Қарағаев сынды көмекшілері бар. Мен өзім шие бағына күтім жасаймын. Аға су технигі Нұркелді Бейбітов екеуіміз сиымдылығы 12 мың текше метр болатын су тоғанының жұмысын қадағалап қана қоймай, жеміс ағаштарына агротехникалық шаралар жасаймыз. Жалпы агропарк бойынша бұдан басқа да екі тоған бар. Жеміс баулары итальяндық, ресейлік және ағылшындық технология бойынша тамшылата суарылады. Ал, алма польшалық әдіспен суарылады. Биыл жалпы сиымдылығы үш мың тонна болатын екі қойма жасау жоспарымызда бар.
Агропарк жұмысшылары орташа 80-90 мың теңгеден, мамандар 150-160 теңгеден жалақы алады. Парк күндіз-түні бірдей қорықшылардың бақылауында. Биыл көктем жауын-шашынды болды. Өткен жылы отырғызылған жеміс ағаштары тез өсіп, жетіліп келеді. Соған қарап биыл 100 гектар алқапқа орналасқан шие бағынан мол өнім жинаймыз деген ниеттеміз. Ол қолмен емес, ваакумдық сорғышпен жиналып алынады. Иә, егер алдымызға қойып отырған жоспарларымыз ойдағыдай жүзеге асатын болса, онда келешекте шие мен алма, жаңғақ өнімдері нағыз табыстың көзіне айналады. Шамалап алғанда, бір шиелі баудың өзінен 30-40 мың тоннаға дейін өнім жиналады деп күтілуде.
Құландағы агропарктің келешегі зор. Оны өзіне кәсіп еткен бағбандар нәсібін осы кәсібінен табады. Бұл еліміздегі «Азық-түлік» бағдарламасын орындауға аз да болса септігін тигізеді деп ойлаймын.

М,Әбдіхалықов,
«Құлан агропаркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекші агроном- маманы.

Поделиться ссылкой: