Тәуелсіздік – тағдырдың сыйы

1 579 Views

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Ғасырлар бойы бабалар арман еткен егемендікке бүгінгі ұрпақ жетіп отыр. Біз осы жылдар аралығында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Мұның бәрі бір күндік еңбектің ғана емес, айлап, жылдап төгілген тер мен тынбай жұмсалған еңбектің арқасы деп білемін.
Тәуелсіздік бізге Отан, Жер, Тіл, Еркіндік берді. Қасиетті тәуелсіздік арқылы туымыз бекітілді, Әнұранымыз шырқалды. Кеткеніміз қайта оралып, өшкеніміз жанды. Осынау салиқалы саясаты бар егемен елдің ертеңі енді болашақ ұрпағымыздың иелігінде.
Мен «Алтын сақа» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарамын. Балабақшада күн сайын балалармен өтетін тәрбие сағаттарында міндетті түрде Тәуелсіздік туралы айтып өтемін. Себебі, біздер ертеңгі еліміздің тізгінін ұстайтын, халыққа қызмет көрсететін ұрпақты тәрбиелейміз. Сол ұрпақтың бойына жігерлілікті, терең білімді, ұлтжандылықты ұялатудың алғашқы іргетасы балабақшада қаланады.
Біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнап іс-шаралар жоспарын жасап, оны жүзеге асыру үстіндеміз. Нақты тоқталып өтетін болсақ, «Тәуелсіздік тірегіміз», «Менің Отаным – Қазақстан», «Туған жер», «Рәміздер – мақтанышым», «Елімнің жүрегі – Нұр-Сұлтан» сынды ертеңгіліктер, «Елін сүйген Елбасы», «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» тақырыбында тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларды өткізудегі мақсат – жас бүлдіршіндерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелей отырып, Отанын, елін, жерін сүйіп, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікті ерте бастан бойларына, саналарына сіңіру. Жеткен нәтижеміз де жаман емес. Бүгінде тәрбиеленушілеріміз әр түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мәселен, 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Ешкім де ешқашанда ұмытылмайды» атты байқаудан Нұрайым Воразалин ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Абайдың 175 жылдығына орай «Ғылым таппай мақтанба» мәнерлеп оқу байқауынан Алина Рифхатқызы мен Нұрлы Орал ІІ дәрежелі дипломға ие болды.
Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, рухы биік болса, ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас – отаншыл, патриот болады, халыққа, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады. Бүгіннен бастап «елім» дейтін ұрпақ өсірсек, еңбектің еш кетпегені болар. Сонда ғана мәртебеміз асқақ, бақытымыз баянды болмақ.
Қаймағы бұзылмаған қалың қазақ елінің даңқы әлемді шарлап, көк байрағымыз биіктен көріне берсін. Қолдағы бақты бағалай білейік, ағайын. Себебі, Тәуелсіздік – тәңірдің бізге берген сыйы. Тәуелсіздігіміз ғұмырлы әрі тұғырлы болсын!

Балнұр Байқұлова,
«Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.

Поделиться ссылкой: