Ауыл әкімдерін сайлау басталады
Биылғы жылдың 25 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға және сайлау мәселелері бойынша басқа да заңнамалық актілерге қол қойғаны мәлім. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы мен аудандық сайлау комиссиясының ұйытқы болуымен «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізу туралы» облыстық семинар-кеңес болып өтті.
Аудан орталығындағы «Сұлутөр» кинотеатрында санитарлық талаптарға сәйкес өткізілген жиынға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, облыстық, аудандық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты.
Серғали Айдапкеловтің қатысуымен өткен семинар-кеңес барысында әкімдердің тікелей сайлауын өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері, сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру, науқанды қаржыландыру, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық сүйемелдеу мәселелері қаралды. Мәселелер ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауға байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып қаралды.
Семинар-кеңес бағдарламасына сай, Т.Рысқұлов аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тлепов «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері», «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізуге қатысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына түзетулерді іс жүзіне асыру туралы», «Әкімдерді сайлау мәселелері бойынша түзетулерді іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының заңға тәуелді актілері туралы» баяндамаларын жасады. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі мен өзара іс-қимылы туралы» сөз қозғаса, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Талғат Иманбеков «Ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлау науқанындағы учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіктері» туралы, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Ернар Құралбаев «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгілік күнтізбелік жоспарының жобасы туралы», ал аталмыш комиссияның төраға орынбасары «Ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлау науқанын қаржыландыру мәселелері» жайында хабарлама жасады.
Кеңес барысында Серғали Өмірзақұлы сайлау жүйесінің және сайлауды ұйымдастыруға тартылған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған үлкен міндеттерді толыққанды заңнамаға сәйкес өткізуді қамтамасыз ету барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерінен құзыреттілікті, жұмыстарының үйлесімділігін ерекше талап ететінін жеткізді.
– Жергілікті атқарушы органдарға сайлаушылармен сайлау өткізуде біраз міндеттер жүктелген. Біріншіден, сайлау рәсімдерін мүлтіксіз сақтап, сайлауды заңнамаға сәйкес өткізуді қамтамасыз ету. Екіншіден, сайлау күні санитарлық нормаларды сақтау мәселесіне айрықша көңіл бөлу. Үшіншіден, сайлауға қатысатын сайлаушылардың тізімін айқындау және нақтылау жұмыстарының дұрыс болуы. Төртіншіден, сайлаушыларды тасымалдау мәселесі мен үйде дауыс беретін сайлаушыларды қамту мәселесіне жіті назар аудару. Соңғысы, әлеуметтік-саяси ахуалдың тұрақтылығы, – деді Серғали Өмірзақұлы.
Бұған қоса шарада «Пандемия жағдайында ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлауын өткізу туралы» аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Кулара Нұрбаева, «Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету» жөнінде аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор менгерушісі Мейрамгүл Қалықова, «Ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау барысында сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық қамтамасыз ету туралы» аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор менгерушісі Назира Алтауева баяндады.
Семинар соңынан қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.
«Құлан таңы» ақпарат.