Журналист Жәнібегіміз олжалы

532 Views

28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай жылдағы дәстүр бойынша газетіміздің сан қырлы мамандары еселі еңбегінің арқасында марапатталып жатады. Биыл да қарашаңырақ – «Құлан таңы» жүлдеден құр алақан емес. Күні кеше ғана ақпараттың ақ мылтығы, мақаланың майталманы Жәнібек Мамбетұлы Базылбековтің қоржыны тағы бір марапатпен толықты.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс тұрғындарының рухани құндылығын арттыруда белсенділік танытып, мемлекетіміздің дін саласындағы саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін газетіміздің тілшісі Жәнібек Базылбеков Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Ж.Омаровтың алғыс хатымен марапатталды. Аталмыш басқарманың мәжіліс залында өткен жиынға аудандық, қалалық, облыстық БАҚ өкілдері қатысты. Дін саласы жөнінде қалам тербеп, өрелі ой, соны пікір айтып жүрген журналистердің арасынан оқ бойы озық шыққан Жәнібек Базылбековтің бұл жүлдесі қаламының қарымды, қадамының қадірлі екенін көрсетеді.
Осы орайда, әдебиетті – арым, журналистиканы – жаным деп ұғынған Әзілхан Нұршайықовтың: «Қалам ұстағанның бәрі журналист емес» деген нақылы жүрек етімді шымшылап тұрғандай. Қазіргі таңда екі сөздің басын құраса, өзін ерек санайтын жандардың қарасы молайып бара жатыр. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпастар» барыңа да, бағыңа да қол сұғатын болды. Баспасөз бөспесөздің алаңына айналды. Ал осы шаңдауыттың арасынан жол тауып, жақсыға сөз, жақынға бөз арнап жүрген Жәнібек Базылбеков секілді журналистердің жазу әлеміне қарап, іштей қуанасың. Ізгіліктің бар екеніне. Жақсылықтың туы жығылмағанына. Біз де тілшілік тіршіліктің қазанында қайнап жүрген журналистке тек асқақ идея мен биік мақсат тілейміз!

«ҚҰЛАНТАҢДЫҚТАР».

Поделиться ссылкой: