Орамды ойлар ортаға салынды
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қоғамдық қабылдау бөлмесінің кестесіне сәйкес аудан тұрғындарының жеке өтініш-тілектері бойынша Көгершін ауылында қабылдау жүргізді.
Аталмыш қабылдауға ауыл тұрғындары белсене қатысып, өзекті сауалдарын жолдап, орамды ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, ауылдағы өзекті мәселелер де көтерілді. Айталық, ауыл тұрғыны Қ.Биғазиев ауыз су мәселесін көтерген болатын. Оның пікірінше, бұл біршама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Ал Г.Байшемирова мен Ж.Диханбаев ауылда мәдениет үйі, спорттық нысан секілді жастардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізетін арнайы орындардың қашан бой көтеретінін сұрап, осы мәселеге жіті көңіл бөлінсе екен деген тілегін білдірді.
Сонымен қатар, қабылдауға жазылған өзге де ауыл тұрғындары түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Дәлірек айтқанда, көше жарығы, Көгершін ауылдық амбулаториялық ғимаратының қазіргі жағдайы, көше жолдарын жөндеу және «Жамбыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» бойынша 2,5% -бен несие алу мәселелері көтерілді. Тұрғындардың пікірі бойынша Көгершін ауылдық амбулаториялық ғимаратының қазіргі жағдайы аса көз қуанта қоярлықтай емес. Бұл ғимараттың іші тар және толыққанды техникалық құралдармен жабдықталмағаны ауыл тұрғындарына өзінің кері ықпалын тигізіп отырған жайы бар.
Осы бағыттағы сауалдар бойынша қайырылған көгершіндіктерге аудан әкімі тарапынан тұшымды жауап берілді. Сондай-ақ, бұл мәселелердің заңдылықтары түсіндіріліп, бірқатар сала басшыларына тапсырмалар берілді. Қоғамдық қабылдаудың соңында ауыл тұрғындары аудан әкіміне өз ризашылықтарын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.
Айта кетейік, аудан әкімінің қоғамдық қабылдауы алдағы уақытта басқа да ауылдық округтерде де өз жалғасын таппақ.
А.Қамшыбек.