«Городокта» балалар алаңы ашылды

570 Views

Ел аузында «городок» деп аталып кеткен И.Панфилов көшесінде орналасқан көп қабатты үйлердің тұрғындары жақында зор қуанышқа кенелді. Яғни, атап айтсақ, шілденің 3-і күні «городокта» жаңадан салынған балалар алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Балалар алаңының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Өз сөзінде Әлібек Мамытжанұлы:
– Балалар – біздің бақытымыз. Біз оларға қолдан келгенше мүмкіндік жасауға тиіспіз. Бүгінгі ашылып отырған балалар алаңы сол қадамның бірі деп ұққайсыздар. Елімізде әрдайым жақсылық болсын. Бірлігіміз бекем, татулығымыз көпке үлгі болсын, – деді. Содан соң сөз сөйлеген Ербол Абақұлы мен Қожайхан Қазыбайұлы да жаңадан салынған балалар алаңы «городакқа» жарасып, көз сүйсінтіп тұрғанын атап өтті.
PS: «Городокқа» балалар алаңының салынғаны әбден құптарлық жайт. Әйтпесе, ата-аналар кешқұрым балаларын қайда апарарын білмей, әбден тұманды ойға батушы еді. Қалай дегенмен де, бұл бір жақсы игі іс болғаны көзге көрініп тұр. Енді городоктықтар тым құрығанда көп қабатты үйлердің шатырын жауып берсе деген ұсыныс айтып әлек. Тұрғындар базынасына жергілікті атқарушы билік өкілдері құлақ асса, қанеки! Одан бөлек «осында салынған шағын футбол алаңына жасанды төсеніш төселсе» дейді олар. Әрине көпшілік айтпақшы, «Мәскеу бір күнде тұрғызыла салған жоқ». Дегенмен солай екен деп, қамсыз-қарекетсіз отырған жөн болмас, сірә! Ол енді жергілікті әкімдіктің еншісіндегі дүние.

Аятберген Марат.

Поделиться ссылкой: