Қыстың қамын жаз ойла

660 Views

Бүгінде ауданымызда төрт түліктің саны өсіп, нәтижесінде өңір тұрғындарының әлеуеті артып келеді. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, аудан тұрғындары қыс қамына кірісіп, шөп жинау науқанын бастап кеткен. Осыған орай аудан басшысы Ерболат Садырқұлов қысқы мал азығының дайындығын өз көзімен көріп, шаруа қожалықтарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Малды аман-есен қыстан алып шығу үшін аудан шаруаларына шамамен 275 мың тоннадан астам мал азығын дайындау керек. Қазіргі уақытта оның жартысынан көбі жинақталды.
Жалпы, ауданда 2021 жылғы мал азығын дайындау мамыр айының 27-нен басталып, бүгінде бұл жұмыс 32143 гектар шабындық алқапта жүріп жатыр. Оның 12550 гектарына жоңышқа, 1151 гектарына житняк, 600 гектарына экспарцет, 17842 гектарына табиғи шөп егілген.

Бұл туралы аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы да айтып, шөп жинау науқаны барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы тоқталды.
– Бүгінгі күнде бұл алқаптан түсіп жатқан өнімнің көрсеткіші де жақсы. Мәселен, аудан бойынша орылған 32097 гектар алқаптың, 12550 гектар жоңышқалықтың бірінші орымының әр гектарынан орташа 38,5-40,0 ц/га, 1151 гектар житняктан 27,0 ц/га, 425 гектар экспарцеттен 30,0 ц/га, 800 гектар табиғи шөптен 20,0 ц/га, барлығы 166399 тонна өнім жиналып, биылғы жылға дайындалуға тиісті 231700 тонна тапсырманың 71,8 пайызы орындалды, – деді Е.Садырқұлов.
Ауданда жылда шөп дайындауда берілген тапсырмалар асыра орындалып келеді. Мысалы, 2019 жылы дайындалған шөптің көлемі 204955 тонна (118 пайыз) болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 205780 тоннаны (108,3 пайыз) көрсетті. Бүгінгі күнде ауыл округтерінен жинақталған мәліметтің негізінде, 57500 тоннаға жуық алдыңғы жылдардан қалған шөп мал азығына жарамды ретінде тіркеліп отыр.
Ауданда соңғы күндері жауған жауынның әсерінен, сонымен қатар аудандағы 16 дана жаңбырлатып суару қондырғыларын тиімді пайдалану 2021-2022 жылғы мал қыстату науқанында қажетті мал азығын дайындауға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.
Ауданда бүгінгі күнде шөп дайындау науқанына 16 бригада атсалысып жатыр. Атап айтар болсақ, құрамында 12 дана «Герман» шөп шалғысы, 8 дана шөп орағы, 19 дана шөп тайлағыш, 11 дана Кун-10, 12 дана трактор тіркемесі мен 21 дана автокөліктердің көмегінің арқасында бұл жұмыс та өз бабында жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ерболат Салқынбекұлы да өзінің пікірн білдірді.
– «Жаздың әр күні қысқа азық» демекші, төрт түлікті қаһарлы қыстан түгел алып шығу үшін жаздың әрбір күнін тиімді пайдалану қажет. Себебі, бұл – мал шаруашылығымен күн көретін ауыл тұрғындары үшін ең жауапты кезең. Сол себептен де, күннің ыстығына қарамай шаруалар шөптің басында аянбай еңбек етіп жатыр, – деді Ерболат Садырқұлов.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: