«ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗДЫ» ӘНШІ

668 Views

Алдағы жылы көкдөнендік жерлесіміз асқан талант иесі Қали Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толады. Марқұм Кәрекең (Кәріпжан Нүсіпов) «Өнер деген өлке бар» деген кітабында осы Қали аға туралы да тебірене жазған болатын. Енді міне редакция «қоржынына» келіп түскен хаттарды ақтарып отырып, көп хаттың ішінен Москау Нохрабековтың «Абай әндерінің насихатшысы болған» деген мақаласын тауып алып оқыдым. Бұл хат осыдан тоғыз жыл бұрын жазылған екен, бәлкім газетімізде жарияланған да шығар. Десек те, осындай талантты жерлесіміз туралы жазылған мақаланы тағы да бір оқып көрейікші: «…Оның есімі «Қазақконцерт» бірлестігінің белді әншілері, атағынан ат үркетін Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, Жамал Омарова, Рабиға Есімжановалармен қатар аталатын. Өйткені Қали осы өнер саңлақтарымен Алматыда, «Қазақконцертте» бірге еңбек етті. Әкесі Тәжібай Телсариев «Түркісіб» құрылысына қатысқан адам. Қали Көкдөнен ауылында дүние есігін ашып, Луговой кентіндегі №33-ші темір жол мектебінде білім алады. Онжылдықты тамамдаған соң, 1938 жылы осы мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Домбыраны бала кезден жақсы көретін ол осы аспапты тартуды әкесінен және әпкесі Күлдаштан үйренеді. Сөйтіп, ауыл кештерінде, кішігірім той-тамашада ән айтып, елдің көзіне түседі. Жасы жиырмаға келгенде соғыс басталып, Қали 1942 жылы қан майданға аттанады. Офицерлер даярлайтын алты айлық курсты бітірген соң, лейтенант шенін алып, артиллеристер полкына командирдің саяси көмекшісі яғни, политрук болып соғысқа кіреді. Майданда ол өзінің өжеттігімен көзге түсіп, «Ерлігі үшін» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталады.
Соғыстан капитан шенін алып елге оралған майдангерді Луговой аудандық партия комитетіндегілер нұсқаушы етіп қызметке алады. Әйткенмен, тұла бойы тұнған талант, оның үстіне «артист болсам» деген арманы бар «Қызыл Жұлдызды» майдангер азаматты Мәскеудегі консерватория оқуға ешбір кедергісіз қабылдайды. Жастық жігері тасып, жалындап тұрған жас жігіт ән айтудың қыры мен сырын осы оқу орнында жүріп үйренеді. Оқуын бітірген ол енді елге қайтады, жалғыз емес өзіне өмірлік серік тауып семейлік сұлу Тұрсынғайша Жармұхамедованы жар етіп Алматыға келеді. Екеуі де көп ұзамай «Қазақконцерт» бірлестігіне қызметке тұрады.
Ол филармонияға қызметке тұрған соң, Абай әндерін өзінің репертуарына мықтап енгізеді. Роза Тәжібайқызы Бағланова Қалиды: «Қазақконцерттің серісі» дейтін, ал анасы Жамал Құдайберген Бәйетұлының үшінші ұлының қызы еді: «Осыларды тіл-көзден сақтай гөр» деп отыратын. Екеуі де сұлу, Қыз Жібек пен Төлегендей Құдай қосқан жұбайлар еді. Нағыз тума талант деп осыларды айтса болады».
Иә, Тәжібай мен Өзбек, олардың ұлдары Мэлс пен Қали өнер дарыған жандар еді. Қалидың әпкесі Күлдәш Шақбайқызы да өнерлі кісі болатын. Оның інісі Тәліпбек те өнер десе ішкен асын жерге қояды. Өзі тиіп-қашып ән шығаратын да болып жүр. Бәлкім бұл қасиет бауырларынан жұққан-ау. Десек те, біздің оқырмандарымыз Қали сынды тума талантты біле бермейді. Ал, оның өмірі мен шығармашылығы кейінгі жас ұрпаққа таныту аудандық мәдениет бөлімі мен осы сала қызметкерлерінің төл борышы деп білемін. Көкдөнен ауылынан шыққан Басқар Битановты, сазгерлер Мэлс Өбеков пен Жаңбыршы Үсейіновті, әнші-сазгер Гүлнұр Өмірбаеваны жұрт жақсы біледі. Өйткені олардың атымен көше аталады, театр, мәдениет үйі бар, оларды еске алу кештері, концерттер өткізіліп тұрады. Ал, жерлесіміз Қали Тәжібаев туралы бірде-бір осындай көрнекті шара өткізілмегені өкінішті-ақ.
Тобықтай түйін:
«Ештен кеш жақсы» дейді. Алдағы жылы Қали Тәжібаев ағамыздың 100 жылдық мерейлі тойы. Ендеше көкдөнендіктер осынау шалқар талант иесінің атын Көкдөнен ауылындағы мәдениет үйіне беріп, аудан орталығында оған арнап үлкен кеш, мерекелік еске алу концертін ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болмай ма?
Құрметті оқырман! Москау ағамыздың осынау шағын мақаласын оқи отырып, Қали ағаның 90 жылдығының да туған жерінде аталып өтілмегенін өкінішпен еске саламыз. Қали ағамыздың Бекболат деген ұлы Испанияда, ал қызы Алматыда тұрады екен деп естідік. Ендеше оларды ортамызға шақырып, бір көзәйім кездесу кешін өткізсек қайтеді? Осындай игі шараны ауыл мектебінде де өткізіп, Қ.Тәжібаев туралы тың деректер жинап, оны музейге қойсақ ағаның әруағы разы болмай ма?

С.ҚОЖЕКЕ.
Суретте: (ортада) «Қазақ концерттің» белді әншісі, Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангер, көкдөнендік жерлесіміз Қали Тәжібаев.
(сурет Тәліпбек Шақбаевтың жеке архивінен алынды).

Поделиться ссылкой: