ӨТКЕЛДЕГІ ӨЖЕТ ЖІГІТ

638 Views

Апта басында бас редакторымыз Мұратбек Тоқсанбайұлы шығармашылық топты жиып алып: «Құрметті әріптестер! Осы күнге дейін кәсіби мерекелер қарсаңында өз ісімен көзге түскен жандардың еңбегін ескере отырып, басылым бетінде мазмұнды мақалалар жариялап келдік. Бұл істі тоқтатпай, әрмен қарай жалғастыру қажет. Алдағы тамыз айының бірінші жексенбісі шойын жолда шын шыңдалып жүрген теміржолшылардың кәсіби мерекесі. Осы мереке аясында да сала қызметкерлеріне арнап арнайы бет даярлауымыз қажет» деп ұжым мүшелеріне нақты тапсырмалар берген болатын.

Берілген тапсырмаларды өз деңгейінде орындау үшін қаламы қарымды жас журналист Ахмет Қамшыбек екеуміз арнайы жолға шықтық. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Луговой ауылына барып, аптап ыстыққа қарамастан еңбек етіп жүрген жандарға жолықтық. Солардың бірі – Алмас есімді жігіт еді.
Алмас – теміржол саласында екі жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген жас маман. Қызметі – өткел кезекшісі. Оның айтуынша ең алдымен ол өткелдегі қауіпсіздікке жауап береді екен. «Мен өткел кезекшісі болғандықтан, әуелі қауіпсіздікке жауап беремін. Біле білсеңіздер, біздің №28 өткел қозғалысы ең көп пойыз өтетін орындардың бірі. Бұл жермен бір күнде бес мыңға жуық көлік түрлері өтеді. Қорағаты, Бәйтелі, Қызылшаруа, Ақбұлақ ауылының тұрғындары да осы өткелді пайдаланады. Сонымен қатар, елордамызға жол тартқан ауыр және жеңіл көліктер де осы жолды таңдап, өтіп жатады. Сондай-ақ, бұл қатарға әскери қалашық пен теміржол қызметкерлерінің көліктерін де қоссаңыз болады. Жұмысымыз қиын болғанымен, өте қызық» – дейді кейіпкеріміз күнделікті күйбең тіршіліктен сыр шертіп.
Расымен де, Алмастың қызметі біз үшін қиын көрінді. Шыдамы таусылып, дабыл қаққан жүргізушілер, асығып, аптығып өтіп жатқан жаяу жүргіншілер, шырылдаған телефондар, тарс-гүрс етіп ары-бері өтіп жатқан вагондарды өз көзімізбен көрдік. Бірақ, өткелдегі өжет жігіт осының бәріне сабырмен қарап, тынымсыз тірлікті жалғыз өзі-ақ атқарып тұр. Арасында біз қойған сауалдарға да қымсынбай жауап беріп, үлгеріп жатқанына тамсандық. Ол біздің «Осы жауапкершілігі мол жұмыстың бәріне бір өзің қалай үлгересің?» деген сауалымызға: «Адам баласы ең алдымен өз ісін жақсы көруі тиіс. Сонда ғана ол өзінің күнделікті кәсібінен шаршамайды. Ынтамен, құлшыныспен еңбек ететін болады. Біздің өңірде шойын жолдың пайда болғанына тоқсан жылдан астам уақыт өтсе де, әулетімізден бірде-бір адам теміржол саласында еңбек етіп көрмепті. Ал мен болсам неге екені белгісіз осы салаға бала кезден қатты қызықтым. Негізгі мамандығым ауылшараушылығына қатысты болса да, қайта даярлау курстарынан өтіп, теміржол саласына жұмысқа тұрдым. Мен бұл таңдауыма ешқашанда өкінбеймін» – дейді жас маман.

Р.S: Иә, қазіргі қоғамда «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді құп көретін жастар жетерлік. Маңдай термен емес, оңай жолмен нәпақа табуды көздейтін жандар Алмастай жігіттен үлгі алса дейміз. Жұмысың жанданып, еңбегің еленсін жас маман. Кәсіби мерекең құтты болсын!

Ж.Базылбеков

Поделиться ссылкой: