Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Дөңгеленген дүниенің шегі мен шетіне үңілетін болсақ, небір айтулы мамандықтардың бар екенін байқаймыз. Олардың атақ-дәрежесі де ерен, жалақысы да кенен. Көптеген жандар осындай кәсіптің тізгінін ұстауға талпынады, тырмысады. Біз көп жағдайда лауазымы жоғары жандарды ардақ тұтып жатамыз. Алайда, осы бір жұмыр жердің бетінде зейнетінен бейнеті көп, ыстық күннің аптабы мен суық күннің ызғарына қарамай еңбек ететін есімі елеусіз жандар да баршылық. Олардың күш-қайраты – білегінде, тәжірибе-талайы – білігінде. Міне, еңбекті серік еткен осындай жандар біздің ауданымызда да аз емес. Олардың бірқатары Луговой бекетінде қызмет атқарып жүр.
Аталмыш бекетте табаны күректей 36 жыл қызмет етіп келе жатқан Тұрар Назаралиевтің еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Луговой белгі беру дистанциясындағы тәжірибесі мол, түйген-тоқығаны терең маман. Қазіргі таңда дәл осындай жұмыскерлерді ырымға таппайсыз. Себебі, 36 жыл бойы бір қызметтің басы-қасында жүріп, қызығы мен қиындығын бір кісідей көрген Тұрар ағамыздың бойынан тек еңбектің ащы да ардақты иісі аңқып тұрады. Ол теміржол бойындағы электр токтарының дұрыс жұмыс істеуіне жауапты. Бекеттегі бағдаршам мен шамдардың істен шықпай, адам мен техниканың игілігіне жарауы – осы кісілердің еңбегі.
– Менің негізігі жұмысым осы электр энергиясымен байланысты болғандықтан, өз ісіме жауапкершілікпен қараймын. Өзім алғаш еңбекке араласа бастаған шақта шыдам мен төзім, жауапкершілік пен ыждағаттылық басты назарда болған. Өзімнен кейінгі буынның да осы бір қағиданы берік сақтауына мән беремін. Себебі, теміржол – тоғыз жолдың торабын тоғыстыратын басты тетік. Ал біз оның тоқтамай, үздіксіз жұмыс істеуіне аянбай еңбек етуіміз керек, – деді Тұрар Назаралиев.
Сонымен қатар Тұрар ағамыз соңғы жылдары біршама жас мамандардың қатарға қосылып жатқанын да тілге тиек етті. Қайрат Жақанов, Азамат Шораев сынды білікті де білімді электромеханиктер Луговой бекетінде қызмет атқарып жүр. Олар да Тұрар Назаралиев секілді аға буын өкілдерінің жолын жалғап, еңбекті жан-тәнімен сүйіп жүрген жандардың бірі. Біз бұл мамандармен тілдескен сәтте байқағанымыз – үлкен мен кіші, аға мен іні арасындағы сыйластықтың жоғары екені. Халқымыздың қанында бар қасиет бұл жандардың арасынан айқын да анық көрінеді. Тұрар ағамыздың жүрегінен шыққан әрбір сөзді жете тыңдаған Қайрат Жақанов пен Азамат Шораевтың аға буын өкілдеріне деген ілтипаты үнсіз ғана жымиған жүздерінен байқалып тұрды. Өз кезегінде олар да сөзге араласып, жауапкершілігі мол жұмыстың қыр-сырын айтып берді.
Қарап тұрсақ, Луговой бекетінде біршама жан қызмет етіп жүр. Әрқайсының өз тағдыры бар. Отбасының қамын, жанұяның жағдайын реттеймін деп қаншама адам тырбанып, күн демей, түн демей, еңбек етіп жатыр. Олар ешкіммен айтыспайды, ешкіммен тартыспайды, саясаттың да сойылын соққысы келмейді. Олар тек өз ісінің шын шеберлері. Кейбір емен есікті кабинет пен жұмсақ креслода отырған жандарға қарағанда бұл еңбеккерлердің қоғамға тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Есімі елеусіз болса да, еңбегі ерен. Аты айтулы болмаса, абыройы асқақ. Бүгінгі күннің батырлары – осы жандар.
Ж.Базылбеков