Аралға жол тартты

420 Views

Биылғы құрғақшылық әсіресе, Батыс облыстардың халқын есеңгіретіп тастады. Атырауда аштықтан мал қырыла бастады. Шілдедегі шіліңгір аптап ыстықтың беті енді қайта бастады. Осындай табиғи «апат» Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сексеуіл кенті тұрғындарының да есін алды. Оңтүстікте мал шығыны орын алмағанымен, құрғақшылық салдарынан жайылымдар мен шабындықтардағы табиғи шөп қурап кетті. Дегенмен, суармалы, сазды жерлерде «шауып аламын» деген адамға мал азығына шөп табылады.
Республикамыздағы осынау орын алған табиғат құбылыстан зардап шеккен аудандарға жәрдем беру туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуіне біздің ауданымыздың Ақыртөбе және Жаңатұрмыс ауылдық округтерінің халқы да үн қосып, мал азығы тапшы аудандарға жемшөп жіберуді өздерінің парызы ретінде қабылдады. Жақында Жаңатұрмыс ауылынан жасақталған осындай қайырымдылық керуені Қызылорда облысына жол тартты. – Ауыл халқы үйме-үй түктелген шөп жинадық. Мен өзім алпыс түк шөбімді керуенге қостым. Бүкіл ауыл болып 2250 түк шөп жинап, оны он екі жүк көлігіне тиеп: «Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кенті тұрғындарына қайырымдылық көмек!» деген жазуы бар керуенді сол күні-ақ, «Түркісіб» теміржол бекетіндегі отын базасы тұйығында тұрған үш вагонға арттық. Жастардан айналайын, барлық шөпті өздері тиеді. Ал, кәсіпкер Қалдан Әділов болса, жүк машиналарының жанар-жағар майының ақысын өз қалтасынан төлеп, сонымен бірге жеке өзі 75 түк шөпті керуенге артып жіберді. Үш вагон шөптің жолақысын да ауыл халқы өздері көтерді, – дейді Жаңатұрмыс ауылының байырғы тұрғыны Көшкімбай Құрманалиев.
Мешіт алдында сапарға аттанғалы тұрған машиналарды шығарып салып тұрып ауыл ақсақалы Өмірзақ Шыңқожаев та аталы сөз айтты: «Осындай қиын-қыстау сәтте Аралдағы ағайындарға қол ұшын бермесек болмайды. Мен ауылдастарыма ризамын! Сіздерге Алланың нұры жаусын!» деді. Қайырымдылық керуенін шығарып салуға ауылдың жаңа сайланған әкімі Ерсайын Талғатұлы мен аудан әкімідігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сақтасын Тастанов та келді.
Иә, бұл расында аса қайырымды іс болды. Енді осы бастаманы ауданымыздың басқа елді мекендерінің тұрғындары да қолдаса құба-құп.

Қ.СЕЙСЕН.
Суретте: жүк тиеген «Қайырымдылық керуені» жолға шықты.

Поделиться ссылкой: