Ауданымызда «Ұлттық санақ – 2021» алғашқы кезеңі сәтті аяқталды
Биыл елімізде «Ұлттық санақ – 2021» өтеді. Бұл санақ Орта Азия бойынша елімізде алғашқы болып жаңа технологиялық әдіспен жүргізіліп жатыр. Санақты екі кезеңмен өткізу жоспарланып отыр: біріншісі – дайындық, екіншісі – негізгі.
Тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар мен құрылыстардың тізімдерін, сондай-ақ, ол жердегі тұрғындарды нақтылауға дайындық кезеңі 2021 жылдың 1-30 маусым аралығында өтті. Аудан бойынша ұлттық халық санағының 1 кезеңінде 12 интервьюер, 2 нұсқаушы-бақылаушы, 4 нұсқаушы, барлығы 18 жұмысшы қамтылған. Сонымен қатар санаққа дайындық кезінде 21 арнайы планшет пайдаланылған. Интернеттің сапасы кейбір ауылдарда нашар, кейбір ауылдарда мүлде болмағанына қарамастан, барлық интервьюерлер өздеріне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып, алғашқы кезеңді сәтті аяқтаған.
Қазіргі таңда ұлттық санақтың негізгі кезеңіне дайындық қарқынды жүріп жатыр. Аудан бойынша 78 учаскенің аумағы картаға түсіріліп, ІІ кезеңге барлығы 78 интервьюер санақшы мен 12 нұсқаушы-бақылаушыны қамту жоспарланып отыр.
Айта кететін жайт – 2021 жылғы ұлттық санақ 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді. Санаққа қатысуды дәстүрлі түрде де (яғни ауланы аралау арқылы), сондай-ақ онлайн (интернет арқылы sanaq.gov.kz сайтында ЭЦҚ көмегімен) қабылдауға болады. Қазақстандықтар өздері үшін ыңғайлы әдісті таңдауға мүмкіндігі бар. Интернет-сауалнама санақ басталған кезден бастап 15 күнге дейін жалғасады. Санақ кезінде азаматтар 87 сұраққа жауап беруі керек.
Сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар бірыңғай call-орталықтың 1446 және 8 8000 800 878 нөмірлеріне хабарласуына болады. Call-орталыққа қоңырау шалу тегін.
«Құлан таңы» ақпарат.