Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
54 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында
Аудан жұртшылығы: «Құлан елді мекенінен сексен пәтерлі төрт тұрғын үй салынады» деген хабарды естігелі басында баспанасы жоқ, бірақ аудан әкімдігінің ЖКХ бөліміне үй кезегіне тіркелген 1323 тұрғынның жар құлағы жастыққа тимей, былтырдан бері сарыла күтуде. Төрт тұрғын үйдің, яғни 320 пәтердің кілті 2022-2023 жылдың соңына дейін кезекте тұрғандарға берілетіні анық.
Дегенмен, әр үйдің салынып бітіп, пайдалануға берілетін мерзімі бар. Сондықтан біз осы салынып жатқан құрылыс нысандарының бүгінгі жай-күйін анығырақ білу мақсатымен жанымызға аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тойшығұл Қадырбекұлы Жапарқұловты ертіп алдық.
Сонымен Құлан ауылының күн батыс жағындағы «Арай» шағын ауданына келдік. Бес қабатты, сексен пәтерлі бірінші құрылыс нысаны аспанмен астасып, салынып бітуге таяп та қалыпты. «Сырым Былеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бастығы Дәурен Келгембайұлы Елдесбаевты жаңа ғимараттың құрылыс алаңында жолықтырдық. Ол: – Бірінші үйдің келісім шарт бойынша сметалық құны – 593 миллион 726 мың теңге. Осы тамыз айында пайдалануға беруіміз керек. Игерілген қаражатты Тойшығұл Қадырбекұлы біледі, – деді аудандық құрылыс бөлімінің бастығына қарап. Т.Жапарқұлов:
– 1 тамызға дейін құрылысшылар осы соманың 439 миллион 231 мың теңгесін игерді. Ғимарат салынып бітуге таяу. Тек оған ауыз су мен газ кіргізу, қазандық орнату басқа сметалық жоба бойынша жүзеге асырылады. Құрылысшылар сексен пәтерлі бірінші үйдің алдын көріктендіріп болған соң, бұл жұмыстар да басталады, – деді сөзін тиянақтап.
Сексен пәтерлі екінші үйдің іргетасын жерлесіміз Қадырбек Айымбетовтың бетоншылар бригадасы қалап жатыр екен. Құрылысты жүргізуді «Таразстрой 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алғанымен, бұл учаскенің де жұмысын Дәурен Елдесбаевтың жігіттері жүргізуде екен. Екінші үйдің бірінші қабатын монтаждап, бетон құйып жүрген Қадырбектің жуан білекті, құрыш қолды жігіттері уақытпен санаспай еңбек етуде. Қадірбек Айымбетов жаңа үйдің қаңқасын, яғни темір-бетон конструкциясын қалап жатқан жігіттерінің есімдерін жеке-жеке атап айтып берді. Құрылысшылар күнін Әділбек Бекмұрзаев, Хамит Қалмаханбетов, Өмірбек Ермекбаев, Еркебұлан Балтабай және Болат Айымбетовтер лайықты еңбегімен қарсы алып отырғанын айрықша атап өтті. Жұмысшылардың табысы да ауыз толтырып айтарлықтай екен. Бетон құюшылар айына 180-300 мың теңге көлемінде еңбекақы алады.
Егер құрылыста 115 адам еңбек ететін болса, солардың алпыс пайызы осы ауданның азаматтары. Иә, екі нысанда он бригада жұмыс істейді. Мәселен, әрлеушілер бригадасын Нұрбол Білекеев басқарады. Ол Ази Омаровтың, Бақытжан Сақалбаевтың, Мәжит Сариевтің есімдерін ерекше атады. Сондай-ақ, ғимараттың сыртын әрлеп, сырлаумен айналысатын Еркін Жалғасбаевтың бригада мүшелері де алғашқы үйдің ең соңғы әрлеу жұмыстарын тездетіп аяқтау үшін барлық қажыр-қайраттарын аямай жұмсауда. Әсіресе, Мейірбек Жақсыбаевтың, Үміт Сарыбаевтың, Ислам Еркебаевтың, Мұзафар Жалғасбаевтың еңбектерін ерекше атап айтуға болады.
Біз учаске бастығы Д.Елдесбаевпен бірге екі құрылыс нысанын да аралап шықтық. Сөйтіп, үйдің шатырын жабумен шұғылданған Дастан Жолмақановтың бригада мүшелерінің ерен еңбегінің куәсі болдық. Құрылыс басынан техникалық қадағалаушы Талаптас Әбдірайымовты жолықтырып, нысанның салыну сапасын сұрадық. Күні бүгінге дейін екінші сексен пәтерлі үйдің 289 миллион 441 мың теңге болатын қаржысы игеріліпті. Құрылысшылар екінші нысанды келер жылға қалдырмақшы болған екен. Бірақ, олар ақылдаса келіп, екінші үйдің құрылысын да осы жылдың аяғына дейін бітіруге құлшынып отыр.
Сонымен бірінші нысан тамыз айының аяғына дейін бітіп қалады. Қазір онда Нұрдәулет Қойлыбаевтың сантехниктер бригадасы жұмыла жұмыс істеуде. Бригадада алты адам бар. Десек те Нұржан Құттыбаев, Ғани Мырзалиев сынды өз ісін жете меңгерген азаматтар барын салып еңбек көрігін қыздыра түсуде. Прораб Шүкірбай Таушанов қойма меңгерушісі Ермек Тоқымбетовтың, электрик Серік Біләловтың, кранда жұмыс істейтін Нұрбол Бегәсіловтың, жүргізуші Жәнібек Тұрғалиевтің, газбен дәнекерлеуші Рахат Ендібаевтың есімдерін бөле-жара атап өтті. Жүзден аса құрылысшыға бір аспаз ғана үш мезгіл ас әзірлейді. Сондықтан болар олар аспаз Айсұлу Түбекбаеваның әзірлеген тіл үйіретін тағамына дән риза. Жұмысшылардың біразы Тараздан келіп жұмыс істейтіндіктен пәтер жалдап тұрады.
Құрылысшылар күні де жақындап қалды. Сондықтан болар, серіктестік басшылары бірінші сексен пәтерлі үйдің құрылысын осы тамыз айының соңына дейін аяқтауға барлық күш-жігерлерін жұмылдыруда. Егер бірінші үй салынып бітіп, пайдалануға берілсе, кезекте тұрған тұрғындардың еншісіне бір бөлмелі 20 пәтер, екі бөлмелі 40 пәтер және үш бөлмелі 20 пәтер тигелі тұр. Ендеше, іске сәт! Енді аз күнде «Арай» шағын ауданына жаңа қоныстанушылар да келіп қалатын күн алыс емес.
С.Қожеке.
Құлан ауылы.
«Арай» жаңа құрылыс алаңы.