Жасыма, жас балуан

387 Views

Жерлесіміз Әлішер Ерғали Токиода өткен ХХХІІ жазғы Олимпиаданы ширек финалда аяқтады. 97 келіге дейінгі салмақта күрескен балуанымыз ширек финалда түрік Сулейман Караденизден айласын асыра алмады.
Еркін күрес шебері Әлішер Ерғали жарыс жолын сәтті бастаған еді. Алғаш­қы айналымда ол алжирлік Мохам­мед Фарджбен кездесуі керек бол­ған. Алайда, қарсыласының белгілі бір себеп­терден бозкілемге шыға алмауына бай­ланысты Әлішер келесі кезеңге жол­дама алды.
Ал жоғарыда атап өткеніміздей, жерлесіміздің ширек финалдағы қарсыласы түрік Сулейман Карадениз болды. Елдос Сметов ерлеп, қоржынға қола медальді салғаннан кейін, аудан жұртшылығы ендігі жүлдені Әлішерден күткен. Талабы тау бұзардай балуанның тілеуін тілеп, таң атпай теледидар алдына жиналған жұрттың көңілі бір жағымды жаңалықтан дәмелі еді. Иығына түскен ел сенімінің салмағын сезінді ме, Әлішер де барын салды. Салған жерден, түрік балуанына айтарлықтай қарсылық көрсетті. Тіпті, Әлішердің жасаған 4 ұпайлық әдісіне 2 ұпай берген төреші де аз-кем қателіктер жібергендей болды. Мұны көзі қарақты көрермен қауым анық байқады.
6 минут бойы қарсыласын қыспаққа алған Әлішер қолдан келер мүмкіндіктің бәрін жасады. Алайда, жас балуанымыз 7:8 есебімен жеңіліс тапты. Бұл жағдайға Әлішердің Олимпиададағы тәжірибесінің аздығы да, төрешінің жіберген қателіктері де әсер еткен шығар деп топшыладық. Нәтижесінде, Сулейман Карадениз жартылай финалға жолдама алса, Әлішер жарысты осы айналымнан тоқтатуға мәжбүр болды.
Әлішер Ерғали бозкілемге шыққан күннің кешінде сол белдесуге қазылық еткен төреші жарыстан шеттетілді деген хабарды естідік. Бұл туралы Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ, кездесудің бас төрешісі Давор Петанйек (Хорватия) жазаланып, жарыстан шеттетілді. Ал қалған төрешілерге ескерту жасалды.
Қалай десек те, Әлішерге бұл Олим­пиа­дадан жүлде бұйырмады. Бабы келі­сіп тұрған балуанның бағы оза шаппа­ды. Алайда, 22 жасар бозкілем шебері әлі талай байрақты бәсекелердің көрігін қыздыратынына кәміл сенеміз. Алда әлем чемпионаты келе жатыр, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиаданың да ауылы алыс емес. Бастысы – ел үмітін абыроймен ақтай білдің, оған се­нің жан­күйерлерің куә, Әлішер!

А.ҚАНАТҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: