Отандастардың ортақ мәселесі ортаға салынды
Кеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында барлық санитарлық талаптар сақталған шағын жиын өтті. Оған «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ және «Отандастар қоры» КеАҚ фронт-офисі Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы филиалының директоры Әмізе Даданұлы Тәжіков пен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өз Отанына оралып, бүгінде еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп жүрген бірнеше қандастарымыз қатысты. Жалпы жиында отандастарымызды мазалаған бірқатар ортақ мәселелер қаралды.
Жалпы бүгінде аймақ бойынша туған жерге оралған қандастарымыздың саны 79 257 адамды құрайды. Оның басым бөлігі Байзақ ауданында қоныстанған. Онда орташа есеппен алғанда 20 000-нан астам отандастарымыз өмір сүруде. Ал, екінші орынды Тараз қаласы, үшінші орынды Жуалы ауданы иеленіп тұр. Онда дәл қазір 11 269 қандасымыз тұрып жатыр. Мерейлі өлке саналатын Меркіге де 11000-нан астам отандасымыз көшіп келіп, тарихи Отанымен қауышқан.
Қасиетті Құлан жері де ата қонысын аңсап келген қандастарын құшақ жая қарсы алған өлкелердің бірі әрі бірегейі. Біздің өңірде дәл қазір 4662 отандасымыз тіркеуде тұр. Оның басым бөлігі, яғни 1195-сі Луговой ауылының тұрғыны саналса, Құлан ауылдық округінде 996 адам бар. Ал 291 отандасымыз Көгершін ауылында тұрып жатыр. Аталмыш мәліметтің барлығын жиын барысында аудандық филиалдың директоры Әмізе Тәжіков кеңінен мәлімдеп берді.
Сондай-ақ, Әмізе Даданұлы аудан аумағында «Отандастар» алқа кеңесін құру керегін айтып, оның маңыздылығына тоқталып өтті. «Тәуелсіздігімізді алғалы бері Елбасымыздың бастамасымен елімізге қаншама отандастарымыз оралды. Бұл жұмыстар әлі күнге дейін өз жалғасын табуда. Қажетті әрі тиісті көмектер беріліп те жатыр. Дейтұрғанмен, орын алып жатқан олқылықтар да жоқ емес, бар. Дәл сондай келеңсіздіктерді болдырмас үшін, орын алған жағдайда дұрыс шешім қабылдау үшін сіздердің тараптарыңыздан көмек қажет. Осыған сәйкес аудан әкімінің бастамасымен сіздерді бір ортаға жинап, «Отандастар» алқа кеңесін құруды жөн деп таптық» деп кеңес құрамында 15 мүше болатынын, олардың басым бөлігі белсенді азаматтардан құралу керектігін алға тартты.
Жиын барысында «Отандастар» алқа кеңесінің мүшелері Әмізе Даданұлын бірауыздан қолдап, дауыс беру арқылы төраға етіп сайлады. Ал төраға орынбасары лауазымына ауданға белгілі кәсіпкер Новрузбек Чубакбаевты лайық деп тапты.
Жиын соңына қарай қатысушылар бірқатар ой-пікірлерін жеткізіп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, Нұрмұрат Мыңбаев алғаш көшіп келгенінде жергілікті халық жылы қарсы алғанын айтса, Новрузбек Чубакбаев Ауғанстандағы ахуалға алаңдайтынын айтып, ондағы қазақ бауырларды тарихи Отанға жеткізу жұмыстарын қолға алу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, вакциналау жұмыстарына қарсы еместігін, бірақ оны мәжбүрлі түрде салмау керектігін алға тартты. Ал елімізге белгілі ұстаз, үздік педагогтар қатарына енген оқытушы Роза Мамбетиярова болса, елім, жерім деп келген әрбір қандасымыз өз Отанымыздан «аламын» емес, керісінше «беремін» деп келуі қажет деп, жиынға қатысушылардың патриоттық сезімін бір серпілтіп тастады. «Мен өзімнің тарихи Отаныма 1993 жылы келдім. Содан бері білім беру саласында үздіксіз қызмет етіп келемін. Жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Шәкірттеріміз шыққан әрбір шың біз бағындырған белестердің бірі деп білеміз. Елге алғаш болып оралғандар мемлекет қолдауына жете алмады. Солардың қатарында өзім де бармын. Дейтұрғанмен, көмек алмадым деп ешқашан өкінген емеспін. Мен «елімнен алам» деп емес, «еліме беремін» деп келген жандардың бірімін. Осында айтылған барлық ұсыныстарға қосыламын. Өз атымнан да біреуін қоса кетейін. Бүгінде қоршаған ортамызда «оралман» сөзін айтуға тыйым салынғанымен, оны әлі де қолданып жүргендер бар. Сорақысы сол, бұл сөз кейбір кітаптарда да кездеседі. Осы олқылықты кеңес мүшелерімен бірлесіп, алдағы уақытта шешімін табамыз деген үміттемін» деп өз ойын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған төраға барлық алқа кеңесінің мүшелерін біріге жұмыс істеуге шақырып, өз алғысын жеткізді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.