Егін орағы аяқталып келеді

1 163 Views

 Егін орағы аяқталып келеді

 

Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылы егін орағы мен мал азығын дайындау науқанының барысы төмендегідей. Бүгінгі күнге дейін масақты дақылдарды ору жұмыстары 89 %-ға орындалып, 173700 тонна астық қамбаға құйылған. Орташа түсімге келер болсақ, диханшылар әр гектардан 22,5 центнерден өнім алуда. Күзде егіліп, қалыпты жетілетін дәнді дақылдардың бірі – күздік бидай. Биылғы жылдың өніміне егілген 36014 гектар бидайдың 34840 гектары орылып, жұмыстың 96,7 % атқарылды. Орташа түсім — 24,2 центнерді құрап, 84312 тонна астық жиналды.
Ал, жаздық бидайды ору жұмыстары 100 пайызға орындалыпты. Бұл өнім бойынша диханшылар гектарына 20,1 центнерден өнім алып, 6448 тонна астық бастырған.
Ыстыққа да, суыққа да, тіпті құрғақшылыққа да төзімді, төрт түлік малға таптырмайтын азық ретінде есептелетін жаздық арпа да жоғарғы көрсеткіштерге ие. Қазіргі таңға дейін 39152 гектар егіс алқабы орылып, 82,5 % жұмыс атқарылған екен. Жалпы түсім — 82610 тонна.

МАЛ АЗЫҒЫ МОЛЫНАН ЖИНАЛУДА

Ауылшаруашылық өндірісіндегі ең маңызды сала – мал шаруашылығы. Ауданымызда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығына ден қойған шаруашылықтар да аз емес. Атакәсіпті дамытуды қолға алған шаруалар мал басын көбейту үшін жем мен шөптің аса маңызды рөл атқаратындығын жақсы біледі. Сондықтан да қыс және көктем мезгілінде мал азығынан тапшылық көрмеу мақсатында осы істі мықтап қолға алған болатын.  Жыл басында ауылшараушылық қызметкерлері 179500 тонна шөп дайындауды жоспарлаған. Дегенмен, орылатын 44900 гектар шабындық алқабынан қазірдің өзінде 181800 тонна азық жиналып, жұмыс 101,3%-ға орындалды. Бұл көрсеткіш көзделген межеден артық. Аудан еңбеккерлері мұнымен тоқтап қалуды жөн көрмейтін секілді. Себебі, әлі орылмаған 1300 гектар жер бар екенін ескерсек, көрсеткіштің 103-105 пайызға дейін өсетіні айтпасақ та белгілі. Жалпы шаруалар осы жылы мал азығын 185000 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

 

Поделиться ссылкой: