Тіл – ең асыл құндылық

3 570 Views

Қай ұлтта, қай мемлекетте болмасын тіл маңызды рөл атқарады. Адам баласының бойына ана тілі анасының ақ сүтімен дариды. Мемлекеттік тілді сол елдің төлқұжаты десек те болады. Әрбір елдің өзіне тән ерекшелейтін өз ана тілі, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрыптары бар. Оның бәрі ата-бабамыздан келе жатқан сарқылмас қазына. Тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деген жақсы сөзі бар. Расында да тілсіз біз ешкім емеспіз. Ұлттық болмысымыздан, дәстүрімізден айырыламыз.
Тілге деген құрметті алдымен әркім өзінен бастауы керек. Күнделікті қолданыста ауыз екі тілде ғана емес, техника тілін де өз ана тілінде қолданса, тілге деген сұраныс артады. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру – өз қолымызда. Қадыр Мырза Әлі ағамыз өлеңінде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді. Көп тіл білу әрине қазіргі жаһандану дәуірінде даму жолында үлкен қажеттілік тудырып отыр. Алайда өз тіліңе деген құрмет сонша тілдің арасында жүрегіңде сайрап тұруы керек деп ойлаймын.
Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі, тіл бүкіл бір халықтың жүрегі. Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл – ең керемет қатынас құралы. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Абайға дейін жыраулар, батырлар мен хандар, шешендер осы ана тіліміз арқылы дау шешіп, соғыстың бетін қайтарған.
Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.
Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адам өз ана тілін білу және мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті.

Рүстем Қырықбаев,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: