Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Әуезі де, сөзі де, «ырду-дырдудан» құралған ән көп қой қазір. «Кию-поп» дей ме? Жанрдың атауы да сұмдық енді. Бірақ, адалын айтайықшы, осы түрлі жанрда орындалып жүрген әндердің көбісі – арғысына бармай-ақ қоялық, кешегі Шәмшінің, Нұрғисаның, Әсеттің, Әбілахаттың, тіпті, Ескендірдің кеудеңді сырлы сезімге толтыратын әуезді әндеріне жетпейді ғой, шіркін. Біз атаған авторлардың әндері оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқалса, тіпті керемет қой. Солар шығарған кейбір әндердің тіпті, хормен де айтылып жүргенін естіп жүрміз. Жаһандану заманында бізге осындай ұлттық бояуы қанық, әні мен сөзі үйлескен әндерді жиі насихаттауымыз керек.
Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейде музыка пәнінен дәріс беретін Гүлайым Батракова да халық әндері мен халық композиторларының ұлттық нақышқа толы есті әндерін дәріптеп жүрген мұғалім. Алматы қаласындағы Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының музыкалық-педагогикалық факультетін үздік нәтижемен аяқтаған ол кәсіби білімі бар болған соң, кез келген аспапта ойнай алады. Әсіресе, Гүлайым Шәріпбекқызы баянмен ән салғанда, жүрек тулайды. Аспаптың құдіреті ғой, сонда. Өз мамандығының шебері ғана осылай ойнаса керек.
Гүлайым Шәріпбекқызының Нуризат Жаулыбай, Сұлтан Қаржаубай, Айсұлу Сәрсенбай, Дариға Назарбай, Меруерт Назарбай, Батина Қазбек, Қымбат Таженова, Асылбек Сәрсенбай секілді шәкірттері республикалық байқаулардың жүлдегері. Оның жетекшілігімен мектепте құрылған «Балдәурен» балалар хоры да аудандық, облыстық, тіпті, республикалық байқауларда үздіктердің үздігі атанып жүр.
Өзі де мадақ-марапаттан құр алақан емес. Республикалық «Ғұмырдария», «Қош келдің, құтты Наурыз», «Менің елім – Мәңгілік ел» атты байқауларға оқушы дайындап, шеберліктің шыңын көрсеткені үшін оған да «Үздік жетекші» деген диплом берілген. Кейіпкеріміздің оқушылардың музыкалық қабілетін арттырып, олардың ұлттық құндылықтардан нәр алуына бар күш-жігерін салып еңбек етіп келе жатқанына табаны күректей 28 жыл болыпты. Халық арасында мына сөз көп айтылады. Ескендір Зұлқарнайын айтыпты деседі. Бірде Ескендір Зұлқарнайыннан: «Сен неге әкең Филипп патшаға қарағанда ұстазың Аристотельді көбірек құрмет тұтасың?» деп сұраған көрінеді. Сонда Ескендір: «Әкем Филипп менің тәнімді тәрбиелеп, Көктен жерге түсірді, ал ұстазым Аристотель болса, керісінше, менің жанымды тәрбиелеп, жерден Көкке көтерді» деп жауап қайырыпты. Қандай жауап десеңізші. Біздің бұнымен не айтқымыз келіп отыр дейсіз ғой? Шыны керек, кейде ұлағатты мамандық иелерінің сыртынан даттау айтып, ар-намысына тиетін сөздер айтатын «адамдар» да табылып жатады. Мұғалім – мектептің жүрегі. Ханды да, қараны да ұстаз оқытқан. Осыны ұмытпайықшы, ең бастысы. Менің жеке ойым – әр мұғалім қашанда зор құрметке лайық деп білемін.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Гүлайым Батракова да сол құрметке лайық жандардың бірі емес, бірегейі. Сөз арасында оның алдынан дәріс алған оқушылар ұстаз есімін ұлықтап, музыка саласында қызмет етіп жүр дедік қой. Олардың өз ұстаздарына деген құрметі бөлек. Өмірдің бақытты сәті осы емес пе?
Марат Жолдасбекұлы.