Қарттарын қадірлеген ел озады
Халық батырға балап, лайықты атақ берген ер Баукеңнің «Қарт адам – ұзақ сапар шегіп, тоналып қалған жолаушы сияқты» деген сөзі бар. Расымен де, Кеңес одағының батыры атанған Бауыржан Момышұлының айтқан бұл тәмсілімен келіспеу әсте мүмкін емес. Тағы бір қысқа сөзбен түйінделген бейнелі оймен бөлісе кетейін. Кезінде Бұқар жырау «Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» деген екен. Қараңызшы! Түбіне терең бойласаң, қалған өміріңе жетер рухани азық бар. Абайша айтқанда, бұл сөздерден баға жетпес ғибрат алуға болады.
Жоғарыда айтылған оймақтай ойды санасына қондырған жандар өткен аптада аудан қарттарына ерекше құрмет көрсетті. Інілік ізеттілікке бастамашыл болған азаматтардың бірі – Ерболат Садырқұлов.
Аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы өткен аптаның жұмасында «Алтын сарай» мейрамханасында алпысқа жуық ардагерді жинап, ақ дастархан жайды. Әуезді әнмен көмкерілген шағын жиынға аудан әкімінен бөлек оның орынбасары Әлібек Терлікбаев, мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаев және ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан және осы бағытынан әлі де айнымай жүрген бірқатар ардагерлер қатысты.
Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған аудан басшысы құрметті де қадірлі қазыналы қарттарды келіп жеткен мерекелерімен құттықтады. Олардың әрқайсысы ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына қосқан үлесі орасан зор екендігін айтып, өз алғысын жеткізді. Жиын барысында бірқатар ақсақалдар өз ойын ортаға салып, құттықтау сөз сөйледі. Олардың қатарында Санат Қырықбаев, Рахманалы Әбдіқадіров, Мейірқұл Іскендіров, Қожайхан Бижанов сынды ардагерлер болды. Аудан әкімі қоғамдық жұмыстарға қатысып, белсенділік танытып жүрген ақсақалдарды Алғыс хатпен марапаттады.
Ардагерлерге қуаныш сыйлаған кеш соңы аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары даярлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.