Отанды сүю — міндетің, қорғау — парызың!

772 Views

Тәңірден тәуелсіздікті сыйға алған еліміз жауынгерлік ерлік пен әскери қызметті ерекше құрметтейді. Сондықтан болар, қазақ халқы өскелең жас ұрпағының санасына «Отанды сүю — міндетің, қорғау — парызың!» деген қатаң қағиданы құюға тырысады. Айта кетейік, бұл кеше ғана жазылған жазба емес. Керісінше ежелден келе жатқан еш өзгертуге келмейтін дархан даланың заңы.

Апта басында «Отанды қорғау – парызым» деген ұғымды санасына сары майдай сақтап алған ауданның бір топ жас жігіттері әскерге аттанды. Күздік шақыртуды қабыл алған жас жауынгерлерді әскерге аттандыру салтанатына аудандық мешіттің имамы Сұлтаншәріп Жадыраев, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Болат Ауелбаев, «Тәжік-Ауған» шекара қызметінің төрағасы Өркен Заурбеков, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбек Сәрсеханұлы, полиция бөлімінің желілік полиция бөлімшесінің басшысы Айдын Мамытбеков және сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты. Шараға қатысушылардың бәрі салтанатты жиында сөз сөйлеп, әскер қатарында жүрген сәтте жауынгерлерге төзімділік пен ептілік, білім мен тәртіп қажет екендігін айтты. Жиын барысында жас сарбаздардың ата-аналары да сөз сөйледі. Балаларына сәттілік тілеген жақындары Отан алдындағы борышын әрбір ер азамат өтеуге міндетті екенін алға тартты.
Жалпы биыл ауданнан 82 баланы әскерге жіберу жоспарланған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде оның 20-сы аттанып та үлгерген. Олардың басым бөлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне аттанған. Ал қалғаны жоспарланған тізім бойынша әскерге жіберілетін болады. Аталмыш мәліметті бізге бөлім басшысының орынбасары Аязбек Асанов мәлімдеді. Жауапты маман әскери науқанға қатысқан ауылдық округтердің жұмыстарына да дән риза екенін атап өтті. «Ел аумағын қорғау әрбір отандасымыздың тікелей міндеті. Осыған сәйкес, жыл сайын аудан әкімінің арнайы Қаулысы бекітіледі. Айта кету керек, біздің бөлім сол Қаулы бойынша жұмыс жасап, аудандағы 18-27 жас аралығындағы жастарды іріктеумен, әскерге жөнелтумен айналысады. Аталмыш жұмыстар биыл да өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес қыркүйек-желтоқсан айларында 82 азаматты әскерге жіберуге тиіспіз. Басшылар жүктеген тапсырма осындай.
Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, барлық көрсеткіштерді өз деңгейінде орындап жатырмыз. Ол үшін атсалысқан әрбір ауылдық округтердің әкімдік қызметкерлеріне өз атымнан алғысымды білдіремін» деп шалғай ауылдарда аталмыш жұмыстарды жүргізіп жатқан әрбір қызметкерге біздің басылым арқылы өз алғысын жеткізді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: