Ботулизм ауруы және оның алдын алу жолдары

524 Views

«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, әйел кісілердің баршасы дерлік жаз, күзгі мезгілде тұрмыстық жағдайда көкөністерден, жеміс-жидектерден, салаттар,тұздықтар жасап, күз,қыс мезгілдерінде отбасыларына және қонақтарға ұсынады.
Ботулизм — Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады. Токсин – органикалық улардың ең күштілерінің бірі, адам үшін өлтіретін мөлшері болып 0,035 мг токсин саналады. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың, балықтардың ішек жолдарында, топырақта, көңде, жеміс-жидекте, жем-шөпте, мал азықтарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм ауруының 90%-ы тұрмыстық жағдайында дайындалған саңырауқұлақ , баклажан, көкөніс, ет, балық консервілерін және тұздалған, ысталған балық, шұжықта, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады, яғни технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. Консервіленген тағамда Cl.botulinum микроорганизмі өсіп, жетілген кезде банкінің беті мен түбі ісінеді, осының салдарынан қақпағы көтеріледі, оны «Бомбаж» дейді.
Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды. Науқас адамның басы ауырып, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады, неврологиялық белгілер (көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысынан айырылады (афония)).
Ботулизм ауруының алдын-алу жолдары:
– Санитариялық тазалықты сақтау, тамақ өнімдерін консервілеуде технологиялық процесті қатаң сақтау, консервіленген өнімдерді сақталуын қадағалау, жылы, ыстық орындарда сақтамау;
– Сауда обьектілерінен үй жағдайында дайындалған консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс, салат, ет, балық өнімдерін сатып алмау;
– Консервіленген өнімдерді пайдалану алдында қақпағы күмпиген (ісінген) бомбаж және «бұлыңғыр» түрдегі өнімдерді пайдаланбау.
Құрметті аудан тұрғындары!
Егер науқасқа уақытылы дәрігерлік көмек көрсетілмесе, аз уақытта өлімге алып келеді. Үй жағдайында емделуге болмайды, емі тек ботулотоксинге қарсы сарысудың уақытылы егілуі.

Г.Темирбекова, Ж.Дидаева,
аудандық санитариялық-гигиеналық қадағалау және техникалық регламенттер талаптарының
сақталуын бақылау бөлімінің мамандары.

Поделиться ссылкой: