ЖОЛ АПАТЫ АЗАЙМАЙ ТҰР

602 Views

Неге екені белгісіз соңғы жылдары елімізде жол көлік оқиғаларының орын алуы жиілеп барады. Нақты деректерге сүйенетін болсақ, жыл басынан бері 1500-ға жуық адам жол апатынан көз жұмған. Ауыр жарақат алғандары қаншама. Біз бүгін «Тас жолдағы трагедиялардың обалы кімге?» деген сауалды басты назарға алып, дәл осы тақырып төңірегінде сөз тарқататын боламыз.

Немқұрайлылық. Бассыздық. Менмендік. Таныс жағымсыз қасиет­тер ме? Иә, мен үшін жақсы таныс. Шынымды айтайын ба?! Өз басым осы үшеуін есек қып ерттеп мінген жүргізушілерді жол бойында көп кездес­тіремін. Алаңғасарлыққа салынып, жол белгілерін сақтау керектігін санасына жақын жолатпайтын жүргізушілерді көргенде амалсыздан ашуға ерік беремін. Жоғарыда біз атаған қасиеттерді жолдас қылған жандардың кесірінен биылдың өзінде аймақта 130-дан астам адам мерт болған. Олардың басым бөлігі жастар екендігі көңіл құлазытады. Ал мыңға жуық жолаушы түрлі деңгейдегі жарақаттар алған. Бұл облыс бойынша орын алған оқиғалардың нақты саны.
Жауапты министрліктегілер айып­пұл мөлшерін өсіргенімен, жол көлік оқиғасы азаяр емес. Оны біздің ауданда орын алған жол көлік апаттарының санынан анық аңғаруға болады. Мәселен, үстіміздегі жылдың соңғы сегіз айында аудан көлемінде 59 жол көлік оқиғасы орын алған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 136 пайызға өскен. Бір ескеретін жайт бар. Бұл көрсеткіштің күрт өсуіне аудан аумағымен өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінде орын алған жол көлік оқиғалары да әсер етуде. Әсіресе, ұйытқыған желдің әсерінен пайда болған шаңнан бір-бірін байқамай соқтығысқан он бір автокөлік оқиғасын аудан жұртшылығы әлі де ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ, мамандардың айтуы бойынша жол көлік апаттарының басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс асырғаннан орын алады екен. Ендеше сол үшін салынатын айыппұл мөлшерін назарларыңызға ұсына кетейік.
Егер де сіз рұқсат етілген жылдам­дықтан 10-20 км/с мөлшерінде асыр­саңыз мемлекет қазынасына 14 585 теңге төлеуге мәжбүр боласыз. Ал 20-40 км/с мөлшерінде асырып қойсаңыз, қалтаңызда тұрған 29 710 теңгеден айырылдым деп есептей беріңіз. Бұл аздық етіп шекті жылдамдықтан 40 км/с асырсаңыз, 58 340 теңге төлеуіңіз керек болады. Сонымен қатар, 29 710 теңгені жол ортасына себепсіз тоқтап, көлік кептелісін қасақана ұйымдастырған жағдайда төлейтініңізді естеріңізге сала кетейік. Ал көше қиылысындағы қозғалыс тәртібін бұзып, өзгелерге кедергі жасасаңыз, 8 751 теңге төлеуге дайын бола беріңіз.
P/S: Жуырда әлеуметтік желілердің бірінен бір керемет айтылған сөзге кездейсоқ тап болдым. Бейнеролик авторы өз сөзінде:
Тоқтамайсың тигенше тасқа басың,
Жылдамдықты асырып мақтанасың,
Осы өмірде мінген көлігіңіз,
Арғы дүниеге апарып тастамасын, – дейді. Иә, ойландыратын өлең шумағы екен…

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: