Дінисламның қоржынында бас жүлде, ал, Қарақат үздік үштікте
Газетіміздің 15 қазан күнгі № 84 (7783) санында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» деген тақырыппен байқау өтіп, оның жеңімпаздары облысқа жолдама ұтып алғанын жазған едік қой. Таяуда тағы да қуанышты хабар естідік. Дәл осы байқаудың облыстық кезеңіне жолдама еншілеген 3 оқушының 2-еуі жүлделі болыпты. Ол дегеніңіз – үлкен табыс біздіңше.
Байқау шарты еш өзгеріссіз. Сол қалпында ғой. Сондықтан оны тәптіштеп жазып жатудың қажеті жоқ шығар. Алдымен кіші топ. Бұл топтан ауданымыздан балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушісі Қарақат Тойлыбай бас жүлде еншілеп, облысқа барған болатын. Оның көрсеткіші жақсы. Ол «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты байқаудың облыстық кезеңінде жүлделі III орынға ие болды. Қарақатқа жарайсыңнан басқа айтарымыз жоқ.
Ал орта топ, яғни 11-13 жас аралығындағы оқушылардың сайысы ауданда да тартысты өтіп еді. Облыста да дәл сондай болған сияқты. Бұл топта ауданнан Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Дінислам Мұхамед үздік шығып, облысқа баратын үш оқушының қатарын толықтырған еді. Дінислам өзінің мықтылығын облыстық кезеңде де көрсетіпті. Ол байқаудың бұл кезеңінде де бас жүлдені иеленіп, мектебіне абыроймен оралды. Оқушыларымыз әрдайым осындай жетістіктерден көріне берсін.
М.Жолдасбекұлы.