Алаш ардақтысы

589 Views

Биыл қазақтың тұңғыш ағартушысы, педагог-ғалым Ыбырай Алтынсариннің туғанына – 180 жыл. Қараңғылық көгінде жарық жұлдыз болып жанған ұлы ағартушы әліппе мен оқулықтар жазып, қазақ мектебін ашқан еді. Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға.
Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин 1841 жылы 2 қарашада қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Ол бала кезінен білімге және өз бетінше оқып білуге бейім болды. Көп оқып, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласты. Орынборда оқып жүргенінде білімге құштар жас Ыбырай бос уақытының бәрін кітапханада өткізген. «Білген үстіне біле түссем» деген құмарлық пен «Өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем» деген абзал арманға ұмтылыс оның өмірлік кредосы болатын. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш Ыбырай өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандап, алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды. Ол орыс тілімен қатар араб, татар тілдерін жетік меңгерді. Ыбырай Алтынсариннің бар арманы халыққа білім беру болды. Ол заманда қазақ балаларына арнап мектеп ашу өте қиын болғанына қарамастан, Ыбырайдың тікелей атсалысуымен 1864 жылы қаңтар айында тұңғыш қазақ мектебі ашылды. Сол заманғы қаражаттың жетіспеушілігі, мектеп үйі, құрал-аспаптардың жоқтығы да оны мұқата алмады. Ол ауыл-ауылды аралап, халыққа білім беретін мектептің артықшылығын түсіндіріп, қаржы жинауды ең алдымен өзі бастап, малын сатып, түскен ақшаны мектеп салуға жұмсаған. Оқу үйі жетіспеген кезде оқу-білім іздеген қазақ балаларын өз үйіне жатқызып оқытқан.
Ыбырай Алтынсарин өз заманында жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына да қомақты үлес қосты. Тек оқу-ағарту жұмыстары емес, ол сонымен бірге сол кездегі қоғамдық-саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті. Бүгінде Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу орындары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түпкір-түпкірінде кездеседі. Сауатсыздықтың бұлтын сейілтіп, қазақ даласына білімнің нұрын шашқан «Дала қоңырауының» 180 жылдық мерейтойын мемлекеттік дәрежеде мақтанышпен дәріптеу – біздің міндетіміз.
Бір ғана «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін ұлттық брендке айналдыруға болады. Сондықтан Ыбырай Алтынсариннің зияткерлік және рухани мұрасына өскелең ұрпақтың қызығушылығын қалыптастыру да біздің еншімізде.

Г.Мамбетова,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын
орталықты орта мектептің
кітапхана меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: