Кітап – сарқылмас рухани қазына

801 Views

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Оқуға құштар мектеп» жобасы бекітілген болатын. Жобаның мақсаты – оқу мәртебесін, оқу белсенділігін және оқу сапасын арттыру, балалар мен жастардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамытып, жас ұрпақтың бойында жоғары азаматтық және рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру. Жоба аясында мектебіміздің кітапхана қоры көркем әдеби кітаптармен толықтырылып, оларды оқырмандарымызға насихаттау, таныстыру мақсатында «Кітап – асыл қазына» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітапхана қорына келіп түскен жаңа көркем әдебиеттер – Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері», Өлеңдері, поэмалары, аудармалары», Николай Зенькович «Назарбаевтай болғым келеді», «Быть таким, как Назарбаев», «Мәңгілік тұлға – ұлы Абай», Тұрсын Сұлтановтың «Шыңғыс хан және оның ұрпақтары», «Темір және оның империясы», «Алтын Орда», «Қазақ хандығының тарихы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Шығармалар жинағы», Ыбырай Алтынсаринның «Оқу түбі – тоқу» шығармалар жинағы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Боранды болжағыш әулие», И.А.Крылов «Басни», лиро-эпостық поэмалар «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш» т.б. көптеген кітаптар насихатталды. Сонымен бірге балалардың өй-өрісін дамытатын түрлі – түсті суреттермен безендірілген «Ертегілер ғаламшары», «Планета сказок», «Жеті дарияның аржағында, жеті қырдың астында», «Әжемнің ертегілері» сынды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулитын ертегілер, өлең-тақпақтар, әңгімелер, кішкентай оқырмандардың тілін дамытатын жұмбақ-жаңылтпаштар, түрлі ойындар берілген кітапшалар мен танымдық әдебиеттер қойылып, оқырмандардың назарына ұсынылды.
Жаңадан әрленіп басылып шыққан рухани қазынамыз көздің жауын алады. Кітап көрмесіне 25-тен аса кітап қойылып, оқырмандарымыз көрмеге қойылған әдебиеттермен танысып, тамашалады. «Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» деген екен Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. Олай болса, кітаппен дос болайық, кітапхана оқырмандары көбейе берсін.

Г.Мамбетова,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің кітапхана меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: