Тараз төрінде аудан күні аталып өтті

542 Views

Әлемжеліні қарап отырсаңыз, «түй­медей нәрсені түйедей» етіп жарна­малайтын жазғышсымақтар көп. Әйтеуір көздегендері – сенсация. Ал ұлт­тық дүниетанымды дәріптейтін, көп­шіліктің кәдесіне жарайтын игі іс-шараларға жұртшылық аса назар ау­дара бермейтін болды. Әйтпесе, өңір­де қолға алынған жақсы бастамалар баршылық. Айталық, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туыл­ғанына 175 жыл толуына орай өңірде жұртшылық барып, қызыға көре­тіндей игі шара қолға алынды. Яғни, әр апта сайын Тараз шаһарында облыс аумағындағы аудандардың мәде­ниет және өнер күндері өтіп жатыр. Ол анау-мынау емес, Тараздағы «Бала­сағұн» орталық концерт залының аумағында ұйымдастырылуда. Кезек Тұрар Рысқұлов ауданына да келді. Жауап­кершілік деген ұғымды әркім әрқалай түсінер, бәлкім. Біздің атқарушы билік өкілдері осы жолы жауапкершілікті мықтап сезінген екен. Таразға жол тартпас бұрын, оны дайындықтарынан да көрдік. Қош. Сонымен өткен сенбіде елі­міз­дің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпы­ұлттық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында «Туған жерім – дархан далам!» деген тақырыпта Тұрар Рысқұлов ауданының мәдениет және өнер күндері өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек­ пен Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев арнайы келіп, қатысты.
Алдымен қасиетті де киелі мекеннің тұрғындары саналатын құландықтар әулиеаталықтарға тек көтеріңкі көңіл күй ғана емес, оларға төмен бағамен өздерінің ауыл шаруашылық өнімдерін де ұсынды. Мәселен, Көгершін ауылдық округіндегі «Ақтоған» шаруа қожалығы 20-ға жуық макарон түрлерін ұсынса, Ақниет ауылдық округі атынан қатысқан кәсіпкерлер шұжық пен бал түрлерін сөрелеріне қойып, жергілікті тұрғындарға саудалады. Айта кетейік, бал өнімдерін саудалаған кәсіпкерлердің қатарында луговойлықтар да бар.
Жәрмеңкеге белсенді атсалысқан округтердің қатарында Жаңатұрмыс ауылы да болды. Топырағында ақын да, жазушы да аунап өскен елді мекен кәсіпкерлері тараздықтарға төрт түліктен өндірілетін өнімдерді ұсынды. Әсіресе, жергілікті жұрт жаңатұрмыстықтар әкелген құрт, ірімшік, айран, сүт, шұбат, қымыз сынды ақ өнімдерді зор ықыласпен сатып алып жатты. Құлан ауылының атынан қатысқан «SV Agro» интенсивті бағы жәрмеңкеге 1000 келі көлемінде алма әкеп, сауданың көркін қыздырды. Ал Қарақыстақ, Абай, Ақыртөбе ауылдық округтері тараздық тұрғындарға жылқы, сиыр және қой еттерін ұсынды. ТАРАЗДЫҚ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЛЕБІЗІ
Бүгін «Баласағұн» концерт залына жай ғана билет алуға келгенмін. Шынымды айтайын, өз басым мұнда дәл осындай керемет іс-шара ұйымдастырылып жатқанынан бейхабар болдым. Дейтұрғанмен, кездейсоқ тап болсам да ерекше күйге бөленіп тұрмын. Алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, маған төмен бағамен саудаланып жатқан ауыл шаруашылық өнімдері қатты ұнады. Сапалы әрі арзан екен. Жәрмеңкеден үйіме бірнеше келі алма, сүт пен айран және «Жантақ» деп аталатын бал өнімін алдым. Осындай игі іс-шаралар көптеп ұйымдастырылса екен.

Жазира Жарылғапова.

Бұл іс-шараға ұжымымызбен бірге келіп отырмыз. Тұрар Рысқұловтай ұлт қайраткерінің есімін еншілеген ауданнан керемет дүниелер әкелініпті. Бір сөзбен айтқанда, сіздер жақта мәдениет саласы мықтап дамыған екен. Суретшілеріңіз салған дүниелер де, шеберлердің қолынан шыққан дүниелер де көздің жауын алады. Сондай-ақ, сіздердің аудандарыңыздан бес бірдей Олимп шыңын бағындырған толағайларыңыз бар екенін бүгін біліп отырмын. Керемет кеш сыйлағандарыңыз үшін мың алғыс.

Ғазиза Әділбекова.

Жалпы жәрмеңкеге ауданнан 500 келі қой еті, 500 келі сиыр еті және 500 келі жылқы еті, 1000 келі алма, 1500 келі макорон және ұн, 250 келі шұжық өнімдері, 800 келі қияр, 400 келі қызанақ және 200 келі сүт өнімдері қойылды. Қала тұрғындары өздеріне керекті азық-түліктерді төмен бағада сатып алып, шексіз ризашылықтарын білдірді.
Суретшілер Одағының мүшелері Мақсат Қаңтарбаев пен Әлімжан Айымбековтың туындылары ауданда үлкен сұранысқа ие негізі. Іс-шарада қос суретшінің шығармашылығы бағаланып, сурет көрмесі ұйымдастырылды. Майлы бояумен салынған сурет галереясына облыс әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлы таңданысын білдіріп, ризашылығын айтты. Қазіргі таңда алдыңғы толқын ағалар «ұрпақ қамы» дегенді жиі айтып жатады ғой. Ол да іс-шарада ескерілген екен. Нақтысын айтқанда, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында арнайы құрылған қазақ үйде ақ жаулықты әжелердің қатысуымен тұсаукесер рәсімінің сахналануы болды. Тұсауы кесілген жас сәбиге облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңдасын Есіркепов ақ батасын берді. Одан соң келген қонақтар мен жиналған көпшілік қазақ үйдің ішіне арнайы жайылған дастарханнан дәм татты.
Азаттығымыздың 30 жылдығына орай аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің тарапынан ұйымдастырылған кітап көрмесі де келген қонақтардың көңілінен шықты. Әсіресе, аудандық өлкетану мұражайының экспозициялық көрмесі көпшілікті таңдай қақтырды. Көрмеде Жамбыл Жабаев, Тұрар Рысқұлов және Мэлс Өзбеков секілді ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың образдары сомдалды. Артистердің шынайылығына Дәулет Жамаубайұлы өзінің оң бағасын берді.
Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқытушылары мен 60-қа жуық осы мектептің тәрбиеленушілері Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындағанда, жұрт сілтідей тына қалды. Күй құдіреті деген осы шығар. Тектілігімізді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің көрмесіне де көпшілік тәнті болды. Ат әбзелдері мен ұлттық нақыштағы құрақ көрпелер, таза, табиғи теріден жасалған аяқ киімдер мен ыдыс-аяқтарды әулиеаталықтар қызыға тамашалап жатты. Ұлттық спорт асық ату мен қазақ күресінің әдіс-тәсілдері де шара барысында көрсетілді.Іс-шара соңында тараздықтар назарына аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Алдымен ата-тегімізді дәріптеу мақсатында «Көш керуені» атты театрландырылған көрініс қойылды. Содан соң, аудандық мәдениет үйінің әншісі Рысбек Қадырқұлов атақты композитор Мэлс Өзбековтың «Келші Құланға» әнін орындап, тараздықтардың қошеметіне кенелді. Концерт барысында Аружан Оразалы Латиф Хамидидің әйгілі «Бұлбұл» әнін, «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблі Досым Сүлеевтің «Қуанышым менің» және «Қайдасың» әндерін, квартеттің орындауында Құрмаш Махановтың «Таразым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері шырқалды. Ал концерттің екінші бөлімінде Нұрлан Әмірбетов Дүйсеналы Бықыбаевтың «Тағы да келді бір көктем», Айдана Лесқұл Ұшқын Жамалбековтің «Халқым-ай», «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау», Дүйсеналы Бықыбаевтың «Киелі менің Құланым», Айша Жүнісова Алтынай Жорабаеваның «Қазақстан», Нұрлан Әмірбетов қытай халық әні «Қойлы ауыл», Рысбек Қадырқұлов пен Айша Жүнісова дуэті Ильяс Байбосыновтың «Қазақстан» әндерін жоғары деңгейде орындады. «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің «Достық» композициясына көрермендердің ерекше таңданыс білдіргеніне көзіміз куә болды. Браво! «Әдемі-аудың» жетекшісі Ләззат Жайсаңбаеваның еңбегі орасан. Сондықтан оны атап өткен абзал. Концерт «Әншілер» тобының орындауында жерлесіміз Асхат Қылышбектің «Қазақстан» әнімен қорытындыланды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК, Марат Диханбай.
Құлан – Тараз – Құлан.

Поделиться ссылкой: