ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ СПОРТ КҮНІ

2 130 Views

 

Спорт — елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

Қазақстан Республикасының Президенті.

Спортта кез-келген нәтиже тіркелуі мүмкін

Қазақтың оң жамбасына келетін спорттың бірі – бокс десек, енді бірі – күрес екені даусыз. Осы екі спорт түрінен де жерлестеріміз мықтылығын мойындатып жүр. Байрақты бәсекелердің ішіндегі төртжылдықта бір келетін ең үлкен дода олимпиада ойындарының төрт бірдей жеңімпазы мен жүлдегерлері біздің ауданнан шығуы соның айқын дәлелі. Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды саңлақтарымыз ел намысы сынға түскен сәтте аянып қалмай, жеңістің биік тұғырынан көріне білген еді. Солардың жеңісті жолын тағы бір жерлесіміз, еркін күрестің шебері Әділет Дауланбаев лайықты жалғап келеді. Жақын күндері Индонезияда өтетін XVIII жазғы Азия ойындарында бақ сынайтын жерлесіміз prosports.kz сайтының тілшісіне сұхбат берген екен. Сары құрлықтың басты додасы қарсаңында жарық көрген шағын сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Төрт жылда бір өтетін Азия ойындарына аттанып барасыз, дайындығыңыз қалай?

– Дайындық жоғары деңгейде өтті деп айтуға толық негіз бар. Айтулы додаға алаңсыз дайындалуымыз үшін барлық жағдай жасалды. Бапкерлер құрамы біздің тактикалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да турнирге дай­ын болуымызды қадағалады. Сол үшін барымызды салып белдесіп, ел күткен нәтижені көрсетеміз деп ойлаймын.

– Көктемде Азия чемпионатында күміс жүлде алдыңыз. Сізше Азия ой­ындары мен Азия чемпионатының айырмашылығы бар ма?

– Мен Азия ойындарына бірінші рет бара жатырмын. Екі турнирді бөліп- жарып қарағым келмейді. Бірақ, Азия ойындары төрт жылда бір рет өтетін құрлықтың басты додасы саналады. Кейде кіші Олимпиада деп те жата­ды. Сол үшін оған әр елдің тек бірінші номерлі балуандары келеді. Ал Азия чемпионатына кейде екінші-үшінші номерлі балуандар да қатысып жатады. Демек, Азия ойындарының деңгейі сәл жоғары болады деп айтуға болады.

– Индонезияда қай елдің балуаны басты қарсыласыңыз болуы мүмкін?

– Баста айтқанымдай Азия ойында­рына әр елдің ең мықты балуандары ғана келеді. Сол үшін құрлық біріншілігінен әлсіз қарсылас іздеу ақылға қонбайды. Демек, кез-келген белдесуге 100% дайындықпен, үлкен жігермен шығу керек. Десе де, көпшіліктің наза­ры Иран елінің балуаны Хасан Язданиге ауып тұрғаны сөзсіз. Оның қандай мықты қарсылас екенін бір мен емес бүкіл әлем біледі. Бірақ, спортта кез-келген нәтиже тіркелуі мүмкін. Сол үшін Язданиді де ұтуға болады деп есептеймін. Біз тек жеңіске жету үшін дайындықтар жасадық.

– Азия ойындарында еркін күрестен Қазақстан қоржынына алтын ме­даль түспегелі көп болды.

– Иә, 1994 жылы Мәулен Мамыров ағамыздан кейін өкіншке орай еркін күрес шеберлері Азиядада топ жара ал­май жүр. Сәтін салса осы олқылықтың орны Джакарта төрінде толар деп үміттенемін.

– Жеңіс туын желбіретіп қайтуыңызға тілектеспіз!

Спорт саласында жетістік көп

Тәуелсіздік жылдары аудан спорты қарқынды дамыды. Спортшыларымыз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жете білді. Оны Олимп шыңын бағындырған жерлестеріміздің жарқын жеңістерінен аңғаруға болады. Өзге елдерде Әнұранымызды шырқатып, көк байрағымызды желбірете білген спорт қырандары өңіріміздің мақтанышы, әрі өскелең жас ұрпаққа бағыт-бағдар іспеттес. Бүгінде ел намысын абыроймен қорғай білген дарабоздарымыздың ізін жалғаған жас ұландар да жетерлік. Соңғы кездері аталған буын өкілдерінің спортқа деген ықыласы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында белсенділік танытуы көңіл қуантады.

Аудан тұрғындарының спортқа деген талпынысын қанағаттандыру мақсатында өңірімізде 1 орталық стадион, 104 жаздық спорт алаңдары, 34 спорт залдар халық игілігі үшін қызмет етуде. Ауылдық округтердегі спорттық кешендердің есігі жергілікті жұрт үшін айқара ашық. Сонымен қатар, ауданда Е.Ыбрайымов пен И.Байрамуков атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс атқаруда. Онда спорттың 13 түрінен білікті бапкерлер дәріс береді. Атап айтқанда, футбол, волейбол, баскетбол, дзюдо, шахмат, бокс, таэквандо және күрестің бірнеше түрлерінен үйірмелер ашылып, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Аталмыш мектептерде ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында тоғызқұмалақ пен қазақ күресінің әдіс-тәсілдері үйретіліп, шәкірттер шыңдалуда.

Ауданымызда спорттың қарқынды дамуы үшін әртүрлі кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ, спорт сүйер қауымның санын арттыру мақсатында алуан түрлі шаралар өткізіліп, олар өз нәтижесін беруде.

Қазіргі таңда ауданымызда бокспен шұғылданатындардың мерейі үстем десек қателеспейміз. Әсіресе, былғары қолғап түйістірген қыздардың жетістігі көп. Себебі, соңғы кездері Ақерке Наурызбаева, Адина Қалдыбай, Дана Дидай сынды бұрымдылар жеңіс тұғырынан жиі көрініп жүр. Сол секілді еркін күрес шеберлерінің жетістіктері аз емес. Ақжүрек бастаған ақ жолды бүгінде ізбасарлары басып келеді. Соның бірі, Азия ойындарының күміс жүлдегері Әлішер Ерғали.

Ауданымызда шахмат, үстел теннисі сынды өзге спорт түрлері де дамып келеді. Жақын арада елімізге жүлдемен оралған Шапағат Қонысбай мен Алим Тугузбайдың жарқын жеңісі сөзіміздің айқын дәлелі.

Саланың дамуына сүбелі үлес қосып, спортпен шұғылданатын жастарға дұрыс бағыт-бағдар, нұсқау беріп жүрген жаттықтырушылардың жұмысын жоғары бағалаған жөн. Себебі, білікті бапкерлер Бақытбек Толымбетов бастаған Ж.Адибаев, Н.Қырбасов, М.Қайынбердиев, С.Қойшыбаев, А.Тлекеев, Н.Молдабеков, Е.Құрмантаев сынды тәжірибелі мамандар шәкірттерін биіктерге жетелеу барысында аянбай қызмет етуде. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандық мектептердің денешынықтыру пән мұғалімдерінің де қосқан ұлесі орасан зор.

Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ауданымызда спортқа ден қойған жас саңлақтардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл біріншіден, бәсекелестікті арттырса, екіншіден, спорттық сапа жағдайы жақсара түсетіндігі анық. Біз өз кезегінде спортшылардың биік тұғырдан көрінуі үшін, барлық жағдайды жасауға тырысамыз.

Спортпен шұғылдану тек ләззат беріп қана қоймай, адамның дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ауру-сырқаудан алшақ болуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына септігін тигізеді. Сол себепті де мен әрбір жас өреннің спортты серік етіп, әдіс-тәсілдерін үйреніп, кіл мықтылардың қатарына қосылғанын қалаймын.

А.БЕСТЕРЕКОВ,

аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

Соққысы жойқын жас талант

Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінің түлегі Дана Дидай бокстан жасөспірім қыздар арасында өткен ел чемпионатының жеңімпазы. Павлодар қаласында жалауы желбіреген биылғы ел біріншілігінде Бақытбек Толымбетовтен тәлім алатын абайлық бойжеткен шаршы алаңда қарсылас шыдатпай, тұғырдың ең биік сатысынан қол бұлғады. Осылайша, Ақерке Наурызбаева, Адина Қалдыбай сынды жас боксшы арулардың ізін жалғастырып жүрген Дана қарындасымыз өзінің болашағы зор спортшы екендігін осы саланың жілігін шағып, майын ішкен білікті мамандар алдында дәлелдеп үлгерді. Сидней олимпиадасының жеңімпазы, жерлесіміз Ермахан Ыбырайымовтың «Қызым алған бетіңнен тайма, Біз саған сенеміз» деген бір ауыз пікірі бұл сөзіміздің айшықты айғағы деп ой түйсек болады.

15 жастағы ел чемпионы сәрсенбі күні редакциямызға келді. Әңгімелестік. Сұхбат барысында байқағаным, ол жас та болса, батыл әрі намысшыл боксшы екен. Бауыржан Момышұлының «Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген сөзі Дананың өмірлік қағидасы. Біздің ойымызша, бабаларымыздан қалған осынау қасиеттер күрзі жұдырықты боксшылардың бойында міндетті түрде болу керек секілді.

– Биыл 9 сыныпты тәмамдадым. Жақында құжаттарымды Тараз қаласындағы Парасат колледжіне тапсырып келдім. Енді оқуымды сонда жалғастырмақ ниеттемін. Қазір жасөспірім қыздар арасындағы ішкі біріншілікте бәсеке өте мықты. Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Дариға Шәкімова сынды әпкелеріміздің рингтегі шеберлігіне қарап, біз де шыңдалып келеміз. Ал өзімнің жетістігім жайлы сөз қозғайтын болсам, ел біріншілігінде 70 келі салмақ дәрежесінде бақ сынадым. Үш кездесу өткізіп, барлығын айқын басымдықпен жеңдім. Бұл жеңісімді бақилық болған Райкүл Айнабекова есімді анама арнадым. Әкем де шексіз қуанды. Дегенмен, осындай мәртебеге өз септігін тигізген жандардың бірі – менің бапкерім. Осы орайда, Бақытбек ағайға да үлкен алғыс білдіріп өткім келеді,-дейді жасөспірім боксшы.

10 жастан бастап бокспен шұғылданатын Дана Мұратқызы араға 5 жыл салып ел чемпионы атанып отыр. Яғни, жас бойжеткен бұл атаққа қол жеткізу үшін үздіксіз жаттығу өткізді. Кәсіпқой бокста атой салып жүрген ел мақтанышы Геннадий Головкинді өз кумиріне балайтын абайлық жасөспірімнің алдыға қойған мақсаты көп. Олимп шыңын бағындыру – сол мақсаттың ең жоғары сатысы. Ендеше, «Спорт шеберіне үміткер» атанған жас спортшыға тек қана сәттілік жолдас болсын дейміз.

 

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: