Таразда тозығы жеткен екі мектеп қайта жаңғырды

520 Views

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, бірқатар әлеу­меттік нысандардың құрылыс бары­сымен танысты.
Алдымен аймақ басшысы «Жүрек» кардио­хирургиялық орталығы» ЖШС-нің медициналық орталығының құры­лысын көрді.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айын­да басталған төрт қабатты ғимарат ке­лер жылдың маусым айында аяқталуы тиіс. Мердігер – «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС.
Салынып жатқан медициналық орта­лық жүрек ырғағы бұзылған нау­қас­тарға білікті медициналық көмек көрсететін болады. Мекеме облыста тең­десі жоқ жоғары технологиялық меди­циналық көмек көрсету мүмкіндігі бар соңғы үлгідегі қондырғылармен жаб­дық­талмақ. Бұдан соң облыс әкімі №22 орта мектебіне барды.
Сонау 1880 жылы негізгі ғимара­ты­ның іргесі қаланған нысанның әбден т­о­зығы жеткен болатын. Соны ескерген облыс басшылығы өткен жылы мұнда 600 орындық жаңа мектеп салуға шешім қабылдаған.
Үш қабатты жаңа білім ордасының бүгінде құрылысы толығымен аяқталған, келесі аптадан бастап оқушыларды қабылдауға дайын.Оқушылар бұған дейін ескірген, тар мектепте білім алса, енді жайлы, жылы, за­манауи, кең нысанда оқитын болады. Ғимарат асхана, спорт зал, мәжіліс залымен жабдықталған. Инклюзивті білім беру үшін барлық мүмкіншілік қарастырылған.
Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген №31 орта мектебі де толығымен күрделі жөн­­деуден өтіп, жаңаша кейіпке енді. Сыйым­­дылығы 1220 орынды құрайтын оқу ордасы бұған дейін тозығы жеткен күйде болатын десек, бұл мәселе жер­гілікті биліктің қолдауымен бар-жоғы бес айда түбегейлі шешіліп отыр.
Облыс әкімі барлық қажеттілікпен жабдықталуына, ішкі-сыртқы безен­дірілуінің сапалы жүргізілуіне айрықша назар аударып, жайлы нысанда оқитын оқушылардың білім сапасы да төмен болмау керектігін баса айтты.
– Біз балалардың сапалы білім алуы үшін материалдық-техникалық қамтылуына қатысты барлық жағдайды жасаудамыз. Ендігі міндет ұстаздарға жүктеледі. Сіздер тек сапалы білім беріп қана қоймай, жақсы тәрбиені де оқушылардың бойына сіңіру керек­сіздер. «Жомарт түлек» жобасының мүмкіндігін барынша пайдалану қажет. Осы мектептен түлеп ұшқан танымал, табысты тұлғалардың жетістігін, өмір жолын өнеге ретінде ұсыну керек. Сонда оқушылар да өз жерлестері секілді биіктен көрінуі үшін барынша талпынады, – деді Б. Сапарбаев.
Иманалиев көшесі мен Төле би даңғылы бойындағы жеке кәсіпкерлер есебінен салынып жатқан 4, 9, 12 қа­бат­ты тұрғын үйлермен танысқан аймақ басшысы шаһар шырайын арттыра түсетін, тұрғындарға жайлы осындай үйлерді, ерекше үлгідегі ғимараттарды көптеп салу керектігіне тоқталды. Ол үшін жергілікті әкімдік жер телімі мен инфрақұрылым жүргізу бойынша қолдау көрсететінін айтты.
Облыс әкімі «ALMAZ MEDICAL GROUP» ЖШС-нің жаңадан салынып жатқан медициналық орталығына да барды. Бір ауысымда 350 келушіге қыз­мет көрсетуге арналған жоба 2022 жылдың бірінші тоқсанында пайда­лануға берілмек. Осы аймақта тұра­тын 30 мыңға жуық тұрғын басқа емханаларға барып әуре болмайды.
Мұнда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету, диагнос­тикалау, 10 төсектік күндізгі стационар, процедуралық және егу кабинеттері, 4-разрядты шұғыл медициналық көмек бөлмелері жұмыс істейтін болады. Дәрігер, медбикелер, әлеуметтік қыз­мет­керлер, психологтар қызмет етеді және рентген, маммография, ЭКГ, УДЗ, спирография секілді басқа да керекті медициналық қондырғылармен жабдықталмақ.
Бердібек Сапарбаев барлық нысан­дардағы жұмыстардың сапалы және бекі­тілген кестеге сай атқарылуы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тап­сырмалар жүктеді. Құрылысқа отан­дық материалдарды пайдалану керек­тігін атап өтті.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: