Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Сүйінші
Бүгінде спорттың сан түрі бар. Бірақ, тұғырдың биік сатысынан көріну әрбір спортшының ортақ арманы. Біздің өңірде спорттың бокс, күрес сынды түрлері жақсы дамыған. Ауданымыздан бір емес, бес бірдей Олимпиада чемпионының шығуы соның айқын дәлелі. Сонымен қатар, киелі Құлан өлкесінде басқа да спорт түрлері нық қадаммен қарыштап дамып келеді. Соның бірі – шахмат.
Шахмат ойыны – адамның ақыл-ой ұшқырлығын талап етеді. Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің дәуірімізге дейін 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты. Ал кейбір деректер бойынша, шахмат біздің дәуірімізге дейін II-III ғасырда Мысыр, Ирак және Үндістанда пайда болған деседі. Ғасырлар бойы әлемге аса танымал болған шахматтан ресми чемпионат алғаш рет 1886 жылы өтіпті. Сол сәттен бастап әлемде де, елімізде де сан түрлі дүбірлі додалар өтіп келеді.
Жуырда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен байрақты бәсекелердің бірі өтті. Аталмыш жарысқа біздің ауданнан Абай ауылының жас тұрғыны Айдана Рысқұл да қатысқан болатын. Жас екеніне қарамастан Айдана Қанатқызы шахматтың классикалық түрі бойынша өнер көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде чемпионаттың І орын жүлдегері атанып, республикалық деңгейде өтетін жарысқа жолдама алды. Айта кетейік, аталмыш жарысқа 20 жасқа дейінгі қыздар қатысқан болатын.
Алтыннан алқа тағып, тек абайлықтардың ғана емес, бүкіл ауданның мерейін үстем еткен Айдана қарындасымызға ел біріншілігінде сәттілік тілейміз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.