Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
«Шын жазушының көзі көкірегінде болады» деген екен қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртаза. Осы сөзді ұстазға қаратып айтсақ та болады меніңше. Бәріне емес, әрине. Ұстаз деген ұлы есімге лайықтыларына ғана. №2 шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Ахметбекова сол лайықты деген педагогтардың қатарына енеді. Себебі, ол өте білімді, жан-жақты, ең бастысы, оқушының бейімін тани білетін, сөз басында жазғанымыздай көкірегінде көзі бар білікті ұстаз.
Меніңше, Назгүл Ахметбекованың сабақ беру методикасы ерекше. Ол сабақты оқушы қызығатындай өтпесе, Досхан Айтқұлов секілді талантты баланы біз танымас едік. Досхан Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінде 6-шы сыныпта оқиды. Ол – зерек оқушы. Оны жуырда өткен «Qazaq epos» ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» атты байқауының аудандық кезеңінде байқадым. Досхан «Едіге батыр» жырын тұтастай жаттап алған. Жырдың кез келген шумағын сұрасаңыз да, еш мүдірмейді. Тіл көзіміз тасқа, баланың есте сақтау қабілетін бар ғой шееее, сөзбен айтып жеткізе алмаймын…Жуырда «Qazaq epos» ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» атты байқауының облыстық кезеңі өткен еді. Досхан Айтқұлов ол жарыстан да жүлделі I орынды жеңіп алды. Жыр жаттап, өзінің дарындылығын көрсеткені үшін Досхан Айтқұловқа 100 мың теңгелік сертификат, ал Досхан секілді ұшқыр ойлы оқушының талабын шыңдап, байқауға дайындағаны үшін Назгүл Ахметбековаға 200 мың теңгелік сертификат табыс етілді.
Айта кетейік, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтің өзі қазылық еткен байқауда Досхан еш мүдірмепті. Облыстың бас педагогы оның өнерін жоғары бағалап, талабының таудай болуына ниеттес екенін білдіріпті. Жақында бұл байқаудың республикалық кезеңі өтеді екен. Сол кезде Досхан ауданның ғана емес, Жамбыл өңірінің абыройын қорғайын деп отыр. Досханға әрқашан тілекшіміз. Оған әрдайым сәттілік жолдас болсын дейміз. Егер «бармақ басты, көз қысты» болып кетпесе, республикалық кезеңнен де ол жүлдемен оралуға тиіс.
Біздің ұсыныс: Екінің бірі Досхан секілді жыр жаттап жатқан жоқ. Ол деген үлкен еңбек. Қажыр-қайрат. Түптеп келгенде, жауапкершілік қой. Аудандық әкімдіктегі ақ жағалылар, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова баланың еңбегін елемегені өкінішті. Қайтеміз. Біз сондаймыз ғой енді. Өткенде Әліби Жұмабек те жүлдемен оралды. Ол Абайдың 40 қара сөзін жатқа біледі. Ол да ескерусіз қалды. Ешкім ақша дәметіп жатқан жоқ. Тым құрығанда есті сөз айтып, мақтау қағазын берсе болмас па? Жоқ. Ондай мүлдем жоқ. Әдемі сөйлеу кімге керек? Дарынды әрі талантты жеткіншектер осылай ескерілмей жатқанда…
Марат Жолдасбекұлы.