Абайда әлеуметтік асхана пайдалануға берілді

579 Views

«Көп түкірсе – көл» деген рас-ау. Абай ауылдық округінің халқы мешіт жанынан асхана салуды осыдан бір жыл бұрын қолға алған. Асхана салу туралы мәселе көтерілгенде ешкім де одан сырт қалған жоқ. Машинасы барлар шағал тас тасып, кейбір кәсіпкерлер ғимараттың ірге тасын қалауға цемент әкеліп берген соң қалған шаруаны жастар Ержан Сейітовтың ұйытқы болуымен тез-ақ қолдарына алды. Сөйтіп қабырға кірпіштері де нысан басына жеткізілді. Осы кезде Орымбай Бекназаров, Айтжан Ыхиев, Бестияр Шайхиев, Берік Қарақойшиев, Төленді Көпбаев, Әлихан Барменқұлов, Қ.Сансызбаев және тағы басқалар айрықша демеушілік көрсетті. Жастар да қарап қалмады, асхана үйінің қабырғасын қалап, шатырын жауып, ішкі әктеп-сөктеу, әрлеу, жылыту жүйесін кіргізу, асхана ішінен асхана салу сияқты қым-қуыт шаруаларды кідіртпей бастап та кетті. Жастар арасында ерікті істерімен елге жаққан Алтай Есалиев, Фархат Өтепбаев, Мақсат Алшабаевтар ауыл ақсақалдарының ақ батасын алды. Сөйтіп, жылы едені, 250 адам сиятын орны бар заманауи асхана да салынып бітті.
Жақында ауылда асхананың ашылу рәсімі болды. Онда ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбеков жаңа нысанның Тұңғыш Президент күніне орай пайдалануға беріліп отырғанын айтып, жиналған ауыл тұрғындарына, демеушілерге, ерікті жастарға шын алғысын білдірді. Одан соң сөз алған аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев, ардагер журналист Москау Нохрабеков, Абай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рысбек Секербеков пен Нұркерім қажы Әбілдаев ауыл халқының ұйымшылдығын айтып, әсіресе, осы іске ұйытқы бола білген жастарға ел атынан алғыстарын білдірді. Москау Нохрабеков ағамыз өз сөзінде ауыл тарихын жазып, ардагерлер аллеясындағы гранит тасқа тылда еңбек еткен аналардың атын жазу керектігін мәселе етіп көтерді.
Асхананың ашылу рәсіміне ауданның бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев қатысып, әруақтарға құран бағыштап, ауыл азаматтарына ақ батасын берді.
Иә, сонымен Абай ауылында да жаңа асхана үйі пайдалануға берілді. Енді ол ауылдық әлеуметтік асхана ретінде халыққа тегін қызмет көрсететін болады. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл нысан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай халықтың тартуы болып табылады.

Сейсен Қожеке.
Абай ауылдық округі.

Поделиться ссылкой: