Аудан ардагерлерінің ҮНДЕУІ
Ардақты ағайын!
Өкінішке орай, Жаңа жылымыз жайсыз хабармен басталды. Елде орын алған жағдайды барлығыңыз естіп, көріп, біліп отырсыздар. Әсіресе, Алматы қаласындағы жағдай көпшіліктің көңілін мұңайтты. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында болған оқиға салдарынан бірқатар әлеуметтік нысандар бүлінді. Енді елімізде бұндай бейберекетсіздік орын алмаса екен дейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде шешім қабылдап, жағдай қалыпқа келе бастады. Біздің елдің біртұтастығына қызғанышпен қарап, алауыздық отын маздатып, «қайтсек Тәуелсіздігінен айырсақ» деп отырған мысықтілеу адамдар тобының жоқ емес екендігін есте ұстайық. Тәуелсіздік үшін қаншама бабаларымыз жан қиды. Азаттық бізге арман болған жоқ па? Біз үшін Тәуелсіздік – қастерлі құндылық емес пе? Осы баға жетпес байлығымызды сақтаймыз десек, біз, ел Президентімен бірге болуға тиіспіз. Дақпыртты ақпаратқа сенбеуіміз керек. Тек ресми ақпарға иланғандарыңыз жөн. Осы орайда Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың:
– Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-берекең атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат.
Асқар тауың әкең қымбат,
Туып өскен елің қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат, — деген сөзін айтқымыз келеді. Біздің күшіміз бірлікте екенін ұмытпайық, ағайын!