Шымшыма сөз шебері

476 Views

Өткен аптада Құмарық ауылдық мәдениет үйінде «Ел болып оқимыз» жобасы аясында Құмарық ауылдық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Шымшыма сөз шебері» атты әдеби кеш өтті. Аталмыш кеш Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар ақыны, сатирик Бақытжан Әлімқұловтың шығармашылығына арналды. Бақытжан Советұлы – қазақ балалар әдебиетінің талантты өкілі Совет Әлімқұловтың мол мұрасының насихатшысы, әке жолын берік ұстанып, сатира саласында өнімді еңбек етіп жүрген жазушы.
Жиынға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар ақыны, сатирик Бақытжан Әлімқұлов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Серікұлы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов және Құмарық ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Абубакир Абдыхатұлы қатысты. Кеште ақынның облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген «Хайп пен лайк» деп аталатын жыр жинақтың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Сондай-ақ, кеште ақынның жүрекжарды жыр шумақтары оқылды. Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектептің «Болтай ұландары» деп аталатын жайдарман командасы сатириктің шығармашылығынан алынған қазақи әзілдерді орындады. Сонымен қатар, «Қара домалақ – 2000», «Жар таңдау» атты сахналық қойылымдары көрерменге жол тартты. Аталған кездесу кеште Бақытжан Әлімқұловтың «Шаттық», «Көрұғлы» күйлері орындалып, кітапхана және мәдениет қызметкерлерінің орындауында «Шалтауым», «Есіңе мен алғайсың», «Киелі менің Құланым» әндері шырқалды.

А. Искакова,
аудандық кітапхананың кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: