Кәсіптің көзін тапқан Риза

370 Views

Кәсіп бастаудың мол мүмкіндігін пайдаланып, өз ісін бастағандардың бірі – Шөңгер ауылының тұрғыны, көп балалы ана Риза Бекмурзина.

Ол 2024 жылы кәсіпкерлік курстан өтіп, бизнес-жоспарын сәтті қорғап, 1 миллион 476 800 теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Алынған қаражатын мақсатты түрде жұмсап, нан өнімдерін дайындауға қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, шағын цехын іске қосты. Бүгінде ауыл тұрғындарын балғын нанмен қамтып, өз кәсібін дөңгелетуде. Риза ханымның алдағы жоспары – өнім түрлерін көбейтіп, кәсібінің көкжиегін кеңейту. Дәл осындай еңбекқор жандардың арқасында ауылда шағын кәсіпкерлік дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып келеді. Еңбек етсең еленесің! Шыны керек, сыныққа сылтау іздемей, біздің бүгінгі кейіпкеріміз секілді өз кәсібін дөңгелетіп отырған қарапайым жан­дарды көргенде жүрегің жылып сала береді.
– Кәсіп бастағаныма 6 айдай уақыт болды. Басында «Әсел» пешпен пісіріп жүрдім. Шыны керек, көп уақыт кететін. Бір форманы салғанның өзіне 20 минут кетеді. Қазір нан, бөрек, бәліш (картоппен, қырыққабатпен), самса, әртүрлі салмалармен бөлішкелер пісіремін. «Көп балалы аналарға грантты береді» деген соң, құжаттарды апарып тапсырдым. Құдайға шүкір, жобамды сәтті қорғап, қайтарымсыз гранттың иегері атандым. Берілген қаражатқа тоңазытқыш, пеш, қамыр илегішпен 10 таба алдым. 4 таба 15 минутта шығарып береді. Әркезде әрқалай?.. Тапсырыс болғанда жұмысымды ертерек бастаймын. Пісірген өнімдерімді дүкендерге де апарып өткіземін. Үйде отырып кәсіп жасауыма күйеуім, балаларым көмектеседі. Күніне 100-ден аса нан пісіремін. Өз кәсібім өзіме ұнайды – дейді Риза Бекмурзина. Осындай адал еңбек етіп, көпшіліктің алғысына кенеліп отырған жаны жайсаң жандарды көргенде ішің жылып, тәнті болып қаласың. Мінеки, нағыз еңбек адамы осындай болса керек-ті.

Ақжарқын Мұратбекқызы.

Поделиться ссылкой: