ҰСТАЗ. ҚАЙРАТКЕР. ШЕЖІРЕШІ

14 Views

Әр адамның өз өмір жолы бар. Тәліпбек
Сапарбекұлы да тұтас бір дәуірмен бірге
жасасқан, еліне қызметін адалынан
арнаған, өз заманының жастарына тәлім
беріп, жылуы жоқ ғасырды жылытуға
ниет қылған жампоздардың қатарынан
еді. Содан да оның ғұмырнамасы – елдің
тарихы. Ел не көрсе, ол да соны көрді,
небір тарихи оқиғаларға куә болды.
Көзі қарақты, көңілі ояу азамат талай
дүрбелеңнен аман қалды.

Шоқай ауылында 1926 жылы, қазақ даласында бақуатты адамдардың малмүлкін тәркілеу, мешіт имамдарын қудалау,
халықты күштеп ұжымдастыру саясаты қызу
жүргізіліп жатқан, беймаза уақытта дүниеге келген
оның еншісіне көп қиыншылық тиді. Ашаршылық
заһарын, текті билерді кепкі кигендер тепкілегенін,
қарсыласқан қайсар жігіттерді атып-асқанын,
содан соң соғыс деген сұрапыл дауылдың тағдыр
атты асау теңізді шайқағанын көзбен көрді. Қанша
дегенмен тағдыры жылы қабақ танытты ма, көп
теперіш көрсе де, бәріне төзді. Асқақ рухпен,
еңбекпен, аталы сөзбен есейді. Әкесі Сапарбек
кезінде ақылға да, малға да бай әрі діни сауаты бар
молда болған екен. Бойында бұған қоса қайыстан
бұйым жасаған қол шеберлігі, саятшы-құсбегілігі
сияқты жеті өнер дарыған асқан шберлігі де
болыпты.
Аштық пен тоқтықты бір кісідей көрген
Тәліпбек Сапарбекұлы өмір бойы қиынға да,
құйынға да шыдас берердей бойын тік ұстап,
хақ жолынан аттамады. Мұзжарғыш кемедей
өмірдің дауылына қасқайып қарсы жүзді. Пәнидегі
принциптері – адалдық пен ақиқат. Бұл екеуі өзімен
мәңгі жүрді. Сүйеніші мен таянышы әке-шешенің
қанымен сіңген туабітті тектілігі, қарым-қабілеті
еді. Әулиеатаның киелі топырағын қасиеттім деп
жасынан намысты найза, қажырын қылыш еткен,
өмір соқпақтарымен қаймықпай жүріп өткен, ұлқызына жел керер желкен, қатерден қалқан болған
көкеміз биыл 100 жасқа толар еді.
Ол жерлестерінің есінде бар саналы ғұмырының 45 жылын ұрпақ тәрбиесіне
арнаған ұлағатты ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі,
филолог, тіл жанашыры, шежіреші, қоғам
қайраткері ретінде қалды.
Тәліпбек Сапарбекұлы еңбек жолын 1942
жылы 16 жасында өзінің туған жері «ОктябрьЖеміс» ұжымшарында бригадир және табель
толтырушы болып бастады. Ұлы Отан соғысы
аяқталар тұста әскерден броньмен қалып,
тепловоз машинисінің көмекшісі болды. Бейбіт
күннің берекесі орнаған 1947 жылы Жамбыл
қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп,
«Билікөл» кеңшарының №3 фермасында бастауыш
мектептің меңгерушісі болып тағайындалды.
Ұлағатты ұстаздың директорлық қызметі ұзағынан
жалғасып, «Амантүбек» және «Тоғызтарау»
орталау мектептерін басқарды. 1965 жылы
Шымкент педагогикалық институтын тәмамдаған соң Билікөл және Шоқай ауылдарындағы білім
ордаларына, 1973-1993 жылдары Мойынқұм
мектеп-интернатына басшылық жасады. Зейнет
демалысына шыққан соң Тараз қалалық әкімдігі
жанынан құрылған үшінші аймақтағы ардагерлер
кеңесінің төрағасы, басқа да қоғамдық жұмыстарға
белсене араласты. Ерен еңбегі лайықты бағаланып,
бірнеше мерекелік медальдармен, Мемлекет
басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Бір анығы сол, қашанда қазақты қазақ еткен тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі екені ақиқат.
Тіліміз – бақ пен ардың шыңы, ұлттың жаны,
ар-намысымыздың алмас қылышы. Көкеміз бұл
сөздерді сан қайталайтын. «Тіліміздің дертті
болғаны қазақпын деген көкірегінде сәулесі бар
адамның тұла бойын тұтас мұздай терге малып
жатыр. Аузына су тамызып қана сақтап отырған
тіліміз қашанғы қағажу да қалып қояды?» деуші
еді ол кісі. Сөйтті де, өзендей арқырап аққан, оқтай
зулаған уақыттың шылауына түскеніне қарамай,
заман ағымына алаңдап, тіл мен рухты орнықты
жолға қоюға талпынды. Бойдағы күш-қуат, ақылой, парасатын ұлт мүддесіне бағыштады. Беделге
емес, елге қызмет жасады. Сөздің парқын білді,
ақ сөйлеп, ақиқатын айтты. Туған жер деп таққа
қонды, халқым деп атқа қонды. Қайтсек халықтық
қалпымызды, ұлттық құндылығымызды сақтап
қаламыз деп шырылдады.
Бала оқытты, жыр да жазды, шежіреге де ден қойды. 2000 жылы Тәліпбек Сапарбекұлы
«Шымыр атаның Шынқожа ұрпақтары:
Қобыланды, Марсым шежіресі» кітабын жарыққа
шығарды. Әрине оның ұғымында шежіре –
қазақты біріктіретін ұғым. Ол халықты бөлшектеу
үшін емес, қайта ынтымағын, тұтастығын әйгілеу
мақсатында құрастырылады. Қандай да бір рудың
түбін іздегенде ол бір ғана ұлы тамырға – қазақ
деген ұлтқа барып тіреледі. Шежіре жазған көкеміз
рушылдыққа ілік беруді емес, өсіп келе жатқан
ұрпаққа ата-тегін білдіруді, тағылымды тарихын
танытуды, барша адамды елжандылыққа үндеуді
мұрат тұтты. Мақсаты сол – бауырмалдық пен
мейірімділік секілді асыл қасиеттерді ұрпақ
бойына сіңіру, ешқашан тозбайтын алаштың
ардақты салтын алтын жіппен жалғау. Осы
тұста «Қаламның ұшы мен найзаның ұшы бір»
деген қағиданы Тәліпбек көкеміз сынды аптал
азаматтарға қарата айтқан жөн болар.
«Ұлы жол отбасы табалдырығынан басталады»
дейді халық даналығы. Тәліпбек көке өмірде
қандай жақсылық көрсе, соның бәрі жұбайы
Гүлсім мен ұл-қыздарының арқасы деп білді. Оның
түсінігінде, ұрпақ – мәңгіліктің көпірі, өмірдің бас
байлығы. Отаны – қуат, отбасы – шуақ. Қазақы
намысы мұқалмаған, ділі жұқармаған азаматқа
Алланың берген сыйы – 11 баласы. Олардың бәрі
абзал әкенің жан жылуын сезініп, әділдік пен
адамдықтың, кіршіксіз тазалықтың үлгісін көріп
өсті.
Тұңғышы Рабиға – мамандығы бойынша дәрігер, мемлекеттік қызмет ардагері,
Жамбыл облысының топонимикалық атауларының
анықтамалығын құрастырушы, «Жамбыл
облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің
иегері.
Екінші перзенті Рәзия Тәліпбекқызы –
медицина саласының маманы, зейнеткер, «Асыл
әжелер» ансамблінің әншісі.
Қызы Бақыт – құқық қорғау органында қызмет
ететін ұлдарының тілеуін тілеп өткен ардақты ана
еді.
Сәуле – ағылшын тілінің маманы, зейнеткер.
Ғазиз Тәліпбекұлы – белгілі құрылысшы.
Торғай өңірінің түлеуіне атсалысқан. Марқұмның
артында өнегелі өмір жолы қалды.
Рахия Сапарбекова – Алматы облысы
прокуратурасының кадр бөлімінің бас маманы
қызметін атқарған, мамандығы – педагог және
заңгер.
Кәмшат Тәліпбекқызы – ҚР Президенті
іс басқармасының Алматы қаласындағы ҚР
Президенті резиденциясы кадр бөлімінің бастығы
қызметін атқарған, мамандығы – заңгер.
Ғ и з з а т Т ә л і п б е к ұ л ы – Ж а м б ы л
гидромелиоративтік-құрылыс институтын
бітірген. Ірі кәсіпкер. «G universal» ЖШС құрылыс
қоспаларын өндіру зауытының негізін қалаушы.
Ғани Тәліпбекұлы – жол құрылысы саласының
инженері, қылмыстық атқару жүйесі саласының
ардагері болған. 2016 жылы дүниеден өтті.
Ләззат – Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі экономика
және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы.
Кенже қызы Перизат – араб тілінің маманы.
ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық
ынтымақтастық және Протокол бөлімінің бас
консультанты болған.
Тәліпбек Сапарбекұлының ұл-қыздарының бауырынан өрбіген немере-шөберелері де
бүгінде қоғамдағы өз орындарын тапқан, егемен
еліне қызмет жасап жүр.
– Өмірінің кейінгі жылдарында әкеміз
қалалық ардагерлер кеңесінде жемісті жұмыс
атқарды. Сенбіліктерге үзбей қатысатын, Шерхан
Мұртазамен бірге мектептерге оқушылармен
кездесуге баратын. Жоғарғы оқу орындарында,
колледждерде лекция оқитын. Батагөйлер
байқауына қатысты, қаладағы «Асыл әжелер»
ансамблін құрды. Анамыз сол топта билейтін.
Әкеміздің ең ұнамды қасиеттерінің бірі – ол
уақыттың қадірін білетін, бізді де соған үндейтін.
Суретінің үнемі билбордтарда ілулі тұратынын
көретінбіз. Ал мамандығы педагог анамыз
талапшыл, қаталдау, өте еңбекқор адам еді. Ол
кісінің қай уақытта демалатыны, ұйықтайтыны
есімізде жоқ. Күндіз-түні тыным тапқанын
көрмеппіз. Түнде іс тігіп отыратын. Киіз басқанда
көршілерге ою ойып беретін. Барлығымызға
көйлекті өзі тігетін, фартугіміз бен галстугіміз
крахмалданып тіке тұратын. Мектептегі
жұмысымен қатар малы мен құсын күтімге
алатын. 500-дей күркетауығы еркін жайылатын.
Анамыз бауырмал еді, әсіресе Шоқай жұртын
ерекше қадірлейтін. «Шаршадым» деген сөз
аузынан шықпайтын. 11 баланың әрқайсысын
жалғызындай мәпеледі. Тамақты талғаммен
әзірлейтін. Әкеміздің жанында әдемі киініп
жүруші еді. Біз отбасы берекесін сақтауды, кісіні,
оның ішінде ер-азаматты қалай сыйлау керектігін
анамыздан, қоғам тамырын тап басуды әкемізден
үйрендік, – деп тебірене әңгімелейді ұрпақтары.
Тәліпбек Сапарбекұлының өмір жолында қадау-қадау істер, игіліктер сайрап жатыр.
Жампоздың жүгін көтерген ол кісінің өмір жолы
облыс шежіресінде, ел есінде таңбаланып тұр. Ең
бастысы, айтулы азаматын ілтипат пен құрметке
бөлеген халқы бар. Аптал азаматтың кісілік
келбеті, елжанды болмысы кейінгі ұрпаққа өнеге
болып қалды. Оның мұратты жолы, ізгілік жолы –
ұрпақ үшін өмір оқулығы, тәрбие мектебі.
3 қазан күні Жамбыл облыстық қазақ драма
театрында қайраткер көкеміздің 100 жылдығына
арналған ғылыми-тәжірибелік конференция,
соңынан еске алу асы өтті. Іс-шара аясында
шежірешілер мен батагөйлер байқауы, дәстүрлі
садақ ату сайысы бағдарламаға енгізілген. Мәденикөпшілік бағдарламаға қазақ эстрадасының
жұлдыздары да қатысты.
Сол күнгі танымды басқосуда көкемізді еске алып, рухымен тілдестік. Талай сыр
шертіліп, әңгімелер айтылды.
Сансызбай БЕРТАЙҰЛЫ,
ардагер журналист,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий