Аудан әкімі сайлау учаскелерін аралап көрді
Осы аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов бірқатар сайлау учаскелерін
аралап көрді. Олардың қатарында Құлан агротехникалық жоғары
колледжінде орналасқан №362 сайлау учаскесі де бар.
Аралау барысында мүгедектігі бар азаматтарға, байқаушыларға, БАҚ
өкілдеріне, учаскелік сайлау комиссия мүшелеріне жасалған жағдайлар зерделенді. Аудан әкімі мұндағы интернет желісінің жылдамдығына ерекше назар аударып, жауапты мекемеге мәселені дер кезінде шешуге шақырды.
Колледждегі сайлау учаскесінің жүктемесін азайту мақсатында «Арай» тұрғын үй алқабынан жаңа учаске ашылған болатын. Нәтижесінде 2000-нан астам сайлаушы 1400-ге азайған.
Аралау барысында №6 мектеп-гимназиясындағы сайлау учаскесі де
зерделенді. Мұнда да дайындық жұмыстарына зер салынып, Құлан мектепгимназиясы, №1 мектеп-лицейі және Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінде орналасқан учаскелердегі кемшіліктерді түзету тапсырылды.
Аралау кезінде тек Құлан ауылы ғана емес, Луговой ауылындағы сайлау учаскелері де зерделенді. Мұнда да ақпараттық тақталардың, дауыс беру кабиналарының дұрыс орналасуы мен жарықтандыру мәселесі қаралды. Аудан әкімі саяси науқанға аса зор жауапкершілікпен қарап, барша
әріптестерін бірге жұмыс атқаруға шақырды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.
