ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІ КІМДЕРГЕ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2314 Қаулысына және Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының 2020 жылғы 7 қыркүйектегі №59-5 шешіміне сәйкес, Т.Рысқұлов ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегін тағайындау қызметі көрсетіледі. Тұрғын үй көмегі Т.Рысқұлов ауданында тұратын Қазақстан Республикасының аумағында меншігінде 1 (бір) тұрғын үйі бар, тұрақты тіркелген және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тағайындалады. Тұрғын үй көмегін көрсетуге өтініш қабылдау осы тоқсанның ішінде жүргізіледі. Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі (пәтері) бар немесе тұрғын үй жайларын жалға тапсыратын аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
Мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті www.egov.kz «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамына (ЦОН) барып, төмендегі құжатттарды ұсыну қажет:
– Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (тұпнұсқа көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
– Отбасының табысын растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
– Жұмыс орнынан айлық табыстары туралы анықтама немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама (тиісті мемлекеттік жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
– Балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;
– Банктік шоты;
–Тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
– Коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
– Телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі.
Мүгедектерді, күндізгі оқу нысанында оқитын оқушыларды, курсанттар мен магистранттарды, екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруы бар адамдарды растайтын құжаты болған жағдайда, үш жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж, сексен жастан асқан қарттарды бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда, жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін адамдары бар аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының жиынтық табысын есептеу «Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №226 бұйрығымен бекітілген тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматтының) жиынтық табысын есептеу тәртібіне сәйкес анықталады.
Тұрғын үй көмегінің мөлшері телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғайюы бөлігінде кондоминимум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген шекті жол беретін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Отбасының (азаматтың) шекті ұйғарымды шығындардың үлесі отбасының (азаматтың) жиынтық табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Д.Расилов,
аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Әлеуметтік көмек беру және қаржы секторының бас маманы.