Аудан әкімінің жұмысына баға берілді

868 Views

Апта басында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің есеп беру кездесуі өтті. Оған аудан әкімінен бөлек мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, әкімдік активінің құрамы және Шорабек Атабаев бастаған Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Айта кету керек, аталмыш жиынға 15 кеңес мүшесінің 10-ы қатысып отырды.

Жалпы, өткен жылы ауданда бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып, өтпелі жобалар өз мәресіне жеткен. Атап айтар болсақ, 2021 жылы ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14,0 млрд.теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 102,0 пайызды құраған. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндірілген өнімнің көлемі 41,9 млрд.теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд.теңгеге артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5 млрд. теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 114,0 пайызға жеткен.
Былтырғы құрғақшылыққа қара­мастан аудандық диханшылардың да тындырған тірлігі көңіл қуантады. Жалпы, өткен жылы 146 654 гектар егістік жер толық игеріліп, оның 65 897 гектарына күздік бидай, 52 988 гектарына жаздық арпа себілген. Мал басы да біршама өскен. Олардың көрсеткіші 106,6 пайызға тең.
Өнімділікті арттыру мақсатында ауданда үш бірдей кешен іске қосылған. Оның бірі сүт бағытындағы жұмысты жандандырса, екеуі ет бағытын таң­да­ған. Айта кету керек, дәл қазір аталмыш кешендерде 1000-нан астам ірі қара бар.
Президент тапсырмасына сәйкес, ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» атты бағдарламасы да іске асуда. Аталған бағдарлама шеңберінде құны 149,8 млн. теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылған. Оның бірінде Шөңгер ауылында газбен жабдықтау желілері жүргізілсе, екіншісінде «Арай» тұрғын алқабындағы көп қабатты үйлердің кәріз жүйесі жабдықталған. Сондай-ақ, мәдениет үйлері жөн­деуден өтіп, талай жылдан бері маңыз­ды болып келген кинотеатрға ағым­дағы жөндеу жұмыстары жасалған. Коммуналды шаруашылық сала­сын­да да алға жылжу бар. Былтыр 3 бір­дей елді мекенге ауыз су берілген. Соны­мен қатар, көгілдір отын кірме­ген 18 ауылдың 10-на (Каменка, Қа­зақ, Жалпақсаз, Тасшолақ, Жаңа­тұр­мыс, Д.Қонаев, Әбілхайыр, Бәй­телі, Қора­­­ғаты, Шөңгер) газ тарту жұмыс­тары жүргізіліп, аты аталған ауылдар толығы­­мен газдандырылған.
Аталмыш мәліметтің барлығын Қоғам­­дық кеңес мүшелеріне аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мәлімдеп берді. Сон­дай-ақ, аудан басшысы құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, әлеуметтік және құқық қорғау саласына кеңінен тоқталды.
Аудан әкімінен кейін мінбеге мәсли­хат хатшысы Ербол Абақұлы мен Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев шығып, қысқаша есеп берді. Айту ләзім, кеңес төрағасы жуық арада жаңа құрам жасақталатынын айтып, ескі құрамның мүшелеріне өз алғысын жеткізді.
Есеп берулерден кейін жиын «сұрақ-жауап» кезеңіне ұласты. Мұнда ау­дан әкіміне алдағы орындалатын жә­не жос­парланған жұмыстарға қатысты сұ­рақ­тар қойылды. Олардың қатарында Жақсылық ауылына дәрігерлік амбу­ла­тория соғу, Көгершін мен Көкдөнен ауыл­дарына мал өлексесін тастайтын жер­ді белгілеп беру, Дулат баба кесене­сіне жөндеу жүргізу, «Арай» тұрғын үйі­нің кілтін табыстау, «Дендро» саябақ­ты қайта қалыпқа келтіру сынды тақырып­тар аясында сұрақтар қойылды. Аудан әкімі қойылған сауалдардың барлығына толыққанды жауап қайтар­ды.
Ал жарыссөз де Қоғамдық кеңес мүшелері ерекше белсенділік танытты. Атап айтар болсақ, жарыссөзде қара­ке­мер­лік бүлдіршіндердің мектепке қатынау кезінде туындаған мәселесі, Ақыр­тө­бедегі ауыз су, Өрнек әкім­дігі­нің қызметі, орталыққа полиция дүңгір­шегін қою, арзан бағамен ет сату, Көгершін мен Көкдөненге мал дәрігерлік пунктін соғу, Жақсылық ауылының тұрғындарына жер беру, кадр, жастар тәрбиесі, аудан аумағында құрылған сан түрлі кеңестердің қызметі, Абай ауылының бүгінгі ахуалы, марапат­тарды тиісті деңгейде табыстау, өнім­ділікті арттыру, жәрмеңке өткізу, мал басын асылдандыру сынды мәселелер кеңінен қозғалды.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: