Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Смат Қанат Төлеуұлы да былтыр сайланған әкімнің бірі. Ілгеріректе, Құмарық та әкім болды. Қазір – Тереңөзекте. Іскер. Ең бастысы, жұмыстың жайын біледі. Тереңөзек ауылдық округіне 2 елді мекен қарайды. Біріншісі – Көкарық, екіншісі – Шолаққайыңды. Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Сматтың әуелгі есепті жиналысы Көкарық ауылдық клубында өтті. Айтпақшы, ауылдық клубқа газ кіргізіліпті. Пеш те жаңа. Бұрынғыдай от жақпайды. Жақсы ғой, бұл дегеніңіз. Енді сол ғимарат күрделі жөндеуден өтсе, гәп жоқ еді. Есепті жиналысқа қатыстық. Тыңдадық. Әкімнің баяндамасындағы мына тірлік бізге ой салды.
«2021 жылдың көктемгі және күзгі екі айлық тазалық жұмыстарына барлық мекеме жұмысшылары толықтай атсалысып, ауылымыз толықтай күл-қоқыстардан тазартылды. Цифрмен сөйлесек, 550 метрге жуық арық тазартылып, 120 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.
Тал-дарақтар бұталанып, қарағайлар әктеліп, сырланды. Көктемгі 2 айлық тазалық жұмыстарында Тереңөзек ауылдық округі әкімшілігінің маңайына 82 түп әр түрлі жеміс ағаштары егілді. Ауыл тұрғындары мен ауыл жастарының ұйымдастыруымен Тереңөзек ауылының кіре берісіне әр түрлі жеміс ағаштары, арша, шырша ағаштары отырғызылып, ұзындығы 1300 метр жер қоршалды. Егілген ағаштарды суғару үшін екі құдық қазылды» деді әкім өз баяндамасында. Егілген ағаштардың түбірі де көрінбей кеткен ауылдар бар бізде. Бірақ, қаражат бөлінді соған. Ал, тереңөзектіктер мына тірлікке өздері бастамашы болып отыр. Осы шаруаны ұйымдастыра білген әкім. Сосын 2021 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2 миллион 174 мың 119 теңге бөлініп, Тереңөзек ауылындағы А.Жүнісқадыров көшесі бұрылысының 550 метр жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жамылғысы төселініпті. 1 миллион 539 мың теңгеге Көкарық ауылындағы М.Әуезов көшесінің көше шамдары ауыстырылған екен. 1 миллион 455 мың теңгеге Тереңөзек ауылындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ағымдағы жөндеуден өткізіліпті. 1 миллион 455 мың теңгеге ауылдың екі басына бейне бақылау камералары орнатылыпты. 597 мың 880 теңгеге Тереңөзек ауылындағы Жамбыл Жабаев көшесінің бойында орналасқан Өзбек ақын атындағы аллеяның ішіне брусчатка тастар төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Енді Тереңөзек ауылдық округ әкімшілігінің ұйымдастыруымен ауылдан шыққан азаматтар, ауыл тұрғындарының демеушілігімен ауылдағы мешіттің жанынан әлеуметтік асхана салынып жатыр екен. Міне, тірлік.
Есепті кездесуде Көкарық ауылындағы А.Жүнісқадыров көшесінің тұрғындары трансформатордың сыртын қоршау, көше жарығын ауыстырып, жаңа шамдар орнату секілді мәселелерді қозғады.
Қанат Смат тұрғындардың сауалын мұқият тыңдап, оларға бұл мәселе өз шешімін табатынын айтты.
Тереңөзек ауылдық округі әкімінің келесі кездесуі – Шолаққайыңды елді мекенінде өтті. Бұл ауылда газ жоқ, білесіздер. Негізгі проблема да осы. Жергілікті тұрғындар «Естіп, біліп жатырмыз. Аудандағы барлық ауылға газ келді. Бізде ғана жоқ. Жыр болды ғой, әйтеуір, біздің ауыл» дейді. Шолаққайыңды ауылына табиғи газ кіргізу бойынша аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөліміне өтінім берілді. Жұмыстар атқарылды. Биыл газ кіргізіліп қалар, бұйыртса» деді әкім бұл сауалға.
Марат Диханбай.