ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАЛҒЫЗ МЕКТЕП оның өзі 19 жылдан бері жөндеу көрмеген
Төлеген Алпамысұлы Атабаевтың Жақсылық ауылы халқының алдына шығып есеп беріп жүргені бірінші жыл емес. Десек те, Көкдөнен мен Жақсылық ауылдарының бір кезде бір шаңырақ астында, яғни «Ленин» колхозы болып «өмір» сүргенін көнекөз кәриелер жақсы біледі. Ол кезде «социалистік жарыс» деген үрдіс бар еді. Сондықтан болар, екі ауыл бір-бірімен бәсекелес болып қандай көрсеткіште болса да оза шауып алға шығуға ұмтылатын. Бүгінде екі ауыл екі «мемлекет» сияқты болып қалған сыңайлы. Бірақ баяғы бәсекелестік жария түрінде болмаса да, елдің ішкі түйсігінде бар ма деп қаласың. Өйткені, оны кейде екі елдің күңкіл-сүңкілінен байқап қаласың. Жұрт бір-біріндегі кем-кетікті бар даусымен айқайлап айтпағанмен, көрер көзге бәрі көрініп тұр. Жақсылық ауылында өткен жиналыста Қ.Сұлтанбеков мектебінің бұрынғы директоры, ауданның Құрметті азаматы, қазір осы ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы болып жүрген Әнуарбек Тұрманбетов ауылдағы орын алған жайды айна қатесіз, тайға таңба басқандай етіп айтып берді. Ол ауыл әкіміне: «Орденді үш азаматты Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай марапаттап қойсақ қайтеді?» деген ұсыныс жасаған екен. Олар: «Еңбек Қызыл Ту» орденді Тынышбек Мешітбаев, «Құрмет белгісі» орденді Әуесбек Алашов және Жүнісбек Шоқанов болатын. Өкінішке орай, ол өтініш сол күйінде орындалмай қалыпты. Әуесбек кісі осы екі арада «о» дүниелік болып кетіпті. Ә.Тұрманбетов айтады: «Тірілерімізге тірі кезінде құрмет көрсетпесек тым болмаса өлгеннен соң олар жатқан бейітті қоршап берейік те…?» дейді. Кеңестер Одағының осындай ордендерін алған Жақсылықта 27 адам бар екен. Олардың үшеуі Социалистік Еңбек Ерлері. Осы азаматтардың барлығының суреттері Қызылпан Сұлтанбеков атындағы мектептің қабырғасында ілулі тұр. Осынау білім ордасының бүгінде ұсқыны қашып, қырық жамау күйге түскен. 19 жылдан бері жөндеу көрмеген мектепті жөндету әлі ешкімнің ойына келмеген сияқты. Әйтпесе, Жақсылық ауылында одан өзге көзге көрінетіндей, сәні мен салтанаты келіскен бірде бір ғимарат жоқ қой. Ә.Тұрманбетов айтады: «Ауылымызда Көкдөнендегідей зәулім мәдениет үйі де жоқ. Медпункт те, амбулатория мен пошта бәрі де құрқылтайдың ұясындай бөлмеге орналасқан. «Терлікбаев мырза спутникті спорт кешенін салып береміз» деген. Өстіп, халықты алдай беруге бола ма? Айтыңыздаршы?» дейді шын күйініп.
Иә, ауыл әкімі Т. Атабаев жарығы жоқ, жолы жоқ көшелерге жарық әкеліп, жол салып беру, өлексе тастайтын орынды ретке келтіру туралы ауыл тұрғындары Қ.Егембердиевтің, Келбет Омарованың, Салтанат Байегізованың шағымдарын назарға алып, одан жақын арада қорытынды шығаратынын тағы да ел алдына жайып салды. Айту ләзім, үй салу үшін жер алу кезегінде Жақсылық ауылының 36 азаматы тұр, солардың ішінде Салтанат Байегізова да бар екен. Осы мәселе бойынша аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұхамед Жанәділов жиналғандарға ұғынықты жауап қайтарды.
Осы ауылда 380 сауын сиыр бар екен. Ауыл тұрғыны Әскербек Омаров: «Ауыл төңірегінде сиыр жайылып, суаттан су ішетін жер қалмады. Бақташылар: «биыл сиыр бақпаймыз» деп отыр. Ал, бір түк шөптің бағасы былтыр 1500 теңгеге жетеқабыл болғанын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан жайылым мәселесін және ағын су мәселесін осы көктемге дейін шешіп беріңіздер» деді. Осы мәселе төңірегінде «Қайқы» шаруа қожалығының басшысы Сәтжан Мамырбаев та өз ойын ортаға салды. Т.Атабаев бұл мәселемен етене жақын айналысып жатқанын, одан жақын арада қорытынды шығарылатынын алға тартты. Осы жәйлі мұрап Мұсақан Ибраиымов та пікір білдірді. Жалпы Жақсылық ауылындағы ауыл әкімінің есебі тұрғын халықтың зор белсенділігі жағдайында өтті. Оған келген жұрт әкімге өздерінің жөндемді бағасын да берді.
С.Қожеке.