255 сарбаз ұлттық киімде сап түзеді

448 Views

Бүгінде сарбаздардың жауынгерлік дайындығы жоғары деңгейде пысықталып келеді. Сонымен қатар тек ол ғана емес, олардың елге, жерге, Отанға, салт-дәстүрлерге деген сүйіспеншілігін де ояту аса маңызды міндеттердің бірі. Аталмыш мақсат-міндеттерді іске асыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды істер де өте көп. Солардың бірі жуырда Луговой ауылында орналасқан әскери гарнизонда кең көлемде ұйымдастырылды. Аты аталған гарнизонның құрамына бес бірдей әскери бөлім кіреді. Олар мейрам қарсаңында үлкен іс-шара ұйымдастырып, сал-дәстүрлерге негізделген ұлттық мерекені жоғары деңгейде атап өтті. Қалай дейсіздер ғой?! Ендеше тақырыпты тарқатайық.
Ең алдымен, 255 сала қызметкерлері әдеттегідей әскери емес оюмен көмкерілген ұлттық киімде сап түзеді. Сосын оларға шараның маңыздылығы түсіндіріліп, баянды бастаманың бағыттары айтылды.
Айта кетейік, дәл мұндай ерекше іс-шара әскери гарнизонда алғаш рет өткізіліп отыр. Олай деуімізге толықтай негіз бар. Себебі, мейрам күні жауынгерлер атқа мініп, көкпар тартты. Сондай-ақ, кір тасы мен қой көтеру, қол күрес сынды ұлттық ойындар кеңінен дәріптелді. Ол аз десеңіз, гарнизон аумағын абаттандыру мақсатында тал-дарақтар отырғызылып, ауладағы жас көшеттердің саны артты.
Әскери сала қызметкерлері салт-дәстүрлерді де ұмыт қалдырған жоқ. Келін түсіру, бесікке салу сынды салт-дәстүрлерімізді сахналап, оның маңыздылығына тоқталды. «Үздік» деп танылғандарды салтанатты жиын соңында гарнизон басшылары арнайы сыйлықтармен марапаттап, мерейлерін үстем етті. Жиын соңы сала қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: