Ораза – жанның азығы, тәннің шипасы

528 Views

Құрметті Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғындары!
Қасиетті Рамазан айы­ның келуімен құттықтап, ниет­те­ріңіз қабыл болсын демек­пін. Жүздеріңіздегі нұр, жүрек­–теріңіздегі ­иман арта берсін.
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекше­лігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған ораза­ны осы айда ұстауды парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттары­ның сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) өзім ғана беремін. Өйткені, пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты». Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да Жаратушының пендесіне тартуы. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрын­ғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырылған. Әрине, бұрынғы өткен пайғамбарлардың үмбеттері де өз кезегінде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғиба­­дат екендігін сүйіншілейді. Демек, пенделікпен істеген кем­ші­лік-қателіктерге өкініп, тәубеге келіп, сауабын Алла Тағаладан үміт ете ораза ұстаған жағдайда барша жамандықтарға кешірім болары шүбәсіз. Күнәсіз адам болмайтындығын ескерсек, ораза айы сол өткен күнәлардың кеші­рілуіне себеп болмақ, бауырлар! Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен ай­тып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы тек оразаның сауабына кенелетін емес, күнәлардың да кешірі­летін – кешірім айы. Жаратқан Алла ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақ­сылығымен марапаттайды. Ораза тек таңның атысынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол ден­сау­лық­ты сауықтыру арқылы тән­ді рухани тазартады. Ардақ­ты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады», – деп тектен-текке айтпаған. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын» деген бірауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабырға келеді. Ал са­быр­лықтың сыйы – жәннат. Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әр­бір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі артады. Кімде-кім ораза ұстағанға ауыз аштырса, оның күнәлары кешіріліп, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, одан ораза ұстаушының сауабы кемімейді. Сондықтан кедей-ғаріптерді бір күн болса да тойындырып, қараусыз қалған мүсәпірлердің жанынан табылсақ, Алла Тағаланың шексіз рақымына бөленеріміз хақ. Осы тұста ауданымыздағы барша кәсіпкер азаматтарды осындай ұлық Рамазан айында берілетін мол сауап үшін өзгеге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға, игі іс-шараларды мейлінше көбірек атқаруға шақырамын. Жұртымыз – қасиетті айда Алла Тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, шариғатымыз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болса деген тілегім бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса деген ойдың да бары шындық. Сөз соңында айтарым, оразаның жылдан-жылға он күнге кейін шегерілуіне байланысты биыл сәуірдің алғашқы күндерінен басталатынын жеткіземін.
Құрметті әлеумет! Баршаңызға тауфиқты ғұмыр тілеймін. Ниеттеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман, тәуелсіз еліміздің мәртебесі асқақтап, ынтымағымыз жарасып, Алла Тағаланың құт-берекесі дари бергей!

Сұлтаншәріп қажы Джадраев,
Т.Рысқұлов ауданының бас имамы.

Поделиться ссылкой: