Намысшыл Нұрсұлтан
Нұрсұлтан Дүйсенқұлдың есім-сойын қазір барша Алаш жұрты біледі. Ол сан мәрте байрақты додаларда еліміздің Көк байрағын желбіреткен жас талант. Нұрсұлтанның аудан орталығынан шалғай жатқан Сәлімбай ауылындағы Бірлес шағын орталықты орта мектебінде білім алғанын да біреу білсе, біреу білмейді. Бекмұрат Қиялбеков басшылық жасайтын Бірлес шағын орталықты орта мектебінің ұжымы жуырда жас спортшымен кездесу ұйымдастырды. Атағы сәл аспандаса болды, осындай кездесуге шақырсаң, ананы-мынаны сылтаурататын спортшылар бар бізде. Оны жоққа шығара алмаймыз. Нұрсұлтан өйтпеді. Өзіне әріп үйреткен ұстаздардың сөзін жерге тастамады. Мектеп ұжымы да спортшыны құшақ жая қарсы алды. Кездесуде мектеп директоры Бекмұрат Қиялбеков сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Дүйсенқұлдың жетістіктерін атап өтті.
Тақырыпқа орай: Біз де әуелгі сөз басынан Нұрсұлтанның мақтауын келтірдік қой. Енді оның жетістігін тәпсірлейік. Ол джиу-джитсудан Абу-даби қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Нұрсұлтан айналысатын спорт түрі – джиу-джитсу. Осы спорттан жерлесіміз көптеген жетістікке жетті. Мәселен, 2017 жылы Азия чемпионатында қола медаль иеленді. 2018 жылы Ақтау қаласында өткен ел біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. 2019 жылы Монғолия елінің астанасы Ұланбатыр қаласында өткен байрақты жарыста күміс медаль, дәл осы жылы Оңтүстік Корея елінде өткен әлем чемпионатында да күміс медаль, ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Гран При жарысында алтын медаль, Украина астанасы Киев қаласында өткен әлем чемпионатында қола медаль, Румыния елінің астанасы Бухарест қаласында өткен халықаралық турнирлердің бірінде күміс медаль жеңіп алды. 2020 жылы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атанды. Джиу-джитсудан «Қара белбеу» иегері. Осы спорттан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы деген атағы тағы бар.
Кездесу барысында мектеп оқушылары жас спортшыға сұрақтар қойды. «Қандай жетістікке жетсем де, әрбір шыққан биігім ең алдымен ата-анамнан алған тәлім-тәрбие мен ұстаздарымның берген білімінің арқасы» деді өз сөзінде Нұрсұлтан Дүйсенқұл. Алғаш қолына қаламсап ұстатқан ұстаз Меруерт Жаңабаева «Нұрсұлтанның жанарындағы отты көздер мен бойындағы ерекше батылдық қасиеттер басқа балаларға қарағанда өзгеше көрініп тұратын» деп, өз естеліктерімен бөлісті.
Кездесудің қорытынды сөзін мектеп директоры түйіндеді. Бекмұрат Қиялбеков: «Бүгінгі таңда, біз, өз Тәуелсіздігімізді алып, өзге елдермен тереземіз тең, керегеміз кең болып отырған «Қазақстан» деген аты әлемге мәшһүр елде өмір сүріп жатырмыз. Міне, осындай ұлы елде ұлт мақтанышына айналып, ел намысын айтулы додаларда қорғап, Көк Туымызды көкке көтеріп жүрген Нұрсұлтандай бауырымыз ауылға келіп, сіздермен кездесті. Оқушыларымыз керемет әсерге бөленді деп ойлаймын. Нұрсұлтанның спорт әлеміндегі әрбір жетістігі біз үшін үлкен мақтаныш. Ол таңдаған спорт түріне екінің бірі батылы жетіп бара бермейтіні анық. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» дейтін еді ғой біздің қазақ. Біз Нұрсұлтанға сенеміз. Әрдайым тілекшіміз. Жерлесіміздің алар асуы көп болсын деген ниетімізді жеткізгіміз келеді» деп түйіндеді сөзінің соңын мектеп директоры.
Марат Диханбай.