Екі балабақша ашылды

1 123 Views

Жаңа нысан

 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпұлттық мақаласында «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда  кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы –

 білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген  жолдар бар. Айта берсек, Ұлт Көшбасшысының білім турасындағы өткір сөздері мұнымен толастамайды. Мәселен, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы “2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім   беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың біріңғай стандарттарын енгізу қажет” деп жазған болатын. Осы ретте, Елбасы тапсырмасы бойынша республика аумағында көптеген  ауқымды жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын айтып өткен абзал. Кеше ғана мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде пайдалануға берілген Тереңөзек пен Ақыртөбе ауылдарындағы балалар балабақшасы осы сөзімізге нақты дәлел бола алады. Тереңөзек ауылындағы 75 бүлдіршінге шақталып салынған «Балауса» балалар бақшасының құрылтайшысы «Асқар тау» жеке шаруашылық серіктестігінің төрағасы Талғат Жүнісқадыров екен. Жалпы, Талғат аға туған жерін ерекше қастерлейтін азаматтың бірі. Оны тереңөзектіктер де жақсы біледі. Ол бұған дейін де өз ауылына «Асқар тау» мейрамханасы мен кіші футбол алаңын салып, қазыналы қариялардың батасын алған еді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Талғат Жүнісқадыров ауыл іргесіндегі мешітті салу барысында да көп еңбектеніпті. Енді ол бұрынғы медпункт ғимаратын заманауи үлгіге бейімдеп, бүлдіршіндірге тарту етіп отыр. Тереңөзектік жамағаттың бұл қуанышына аудан әкімі Асқар Қырықбаев арнайы барып ортақтасып, жүрекжарды тілегін жеткізді . Өз сөзінде Асқар Санатұлы: – Мектепке дейінгі білім беру мәселесіне Елбасымыз айрықша көңіл аударып отыр. Меніңше, ол өте дұрыс. Себебі, бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі болашағымыз. Осы ретте, мен Елбасымыздың Ұлт жоспары «100 нақты қадам» атты стратегиялық құжатында межеленген жоспар бойынша ауданымызда бірқатар жұмыстар жасалып жатқандығын тілге тиек еткім келеді. Қазірдің өзінде мемлекеттік -жекеменшік серіктестік есебінен ауданда 5 балабақша ашылып, жоспар 92 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін дәл осындай 4 балалар бақшасы жұрт игілігіне берілмек,-деді. Аудан басшысынан кейін сөз сөйлеген аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов «Адамның нәр беретін тамыры да, сән беретін жапырағы да – бала» екендігін айтып, Жүнісқадыровтар әулетіне зор алғысын білдірді. Одан соң, Асқар Санатұлы мен Қожайхан Қазыбайұлы жаңа балабақшаның ашылу лентасын салтанатты түрде қиып, келген қонақтар балабақшаның ішкі құрылысымен танысты. Өзін Зейіннұр деп таныстырған кішкентай бүлдіршін келген қонақтарға:

-Балабақша үйіміз,

Сені жақсы көреміз.

Үлкен болып өскенде,

Еске алып жүреміз,-деген тақпағын оқып берді.

Бұдан кейін, Асқар Қырықбаев Ақыртөбе ауылындағы «Аяулым» балалар бақшасының ашылу салтанатына қатысты. Айта кетейік, бұл ауылда екі балабақша салынса да, әлі 35 бүлдіршін кезекте тұр. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін ұзақ жылдар бойы атқарған Зәуреш Тойбекованың бастамасымен салынған «Аяулым» балалар бақшасының жалпы құны -21 млн. теңгені құраған. Зәуреш Орынқұлқызының айтуынша, балабақша атауы өзінің қызғалдақтай құлпырған Аяулым есімді перзентінің құрметіне қойылған екен. 50 бүлдіршінге арналып салынған балабақшада екі топ бар. Олар «Нұрасыл» және «Санжар» деп аталады. Ақыртөбелік жұртшылықтың алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Асқар Санатұлы:

– Бүгін біз қос қуаныштың куәсі болып отырмыз. Жаңа ғана мен Тереңөзек ауылында болдым. Енді осында келіп тұрмын. Барлықтарыңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Туған жерге деген ұлы сүйіспеншілігін оңды ісімен дәлелдеп жүрген Зәуреш Тойбекова сынды абыройлы азаматшалар ауданымызда көп болсын,-деді. Ал, аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов Зәуреш Орынқұлқызының еңбегіне табыс тілей отырып, ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан әрі ұстаздардың ұстазы бола білген Орынқұл Тойбековтың азаматтық келбетін сөз етті.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: