Референдум 2022
Дамыған елдерде референдумның өткізілуі қалыпты саяси-демократиялық үрдіс. Қазақстан да осы үрдіске біртіндеп бет бұра бастады. 5 маусымда Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Мен сіздерді саяси өзгеруге, ел болашағы үшін дауыс беруге шақырамын.
Қожайхан Бижанов,
аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.
Референдум – саяси науқан. Қазақстан азаматтарының оған жаппай атсалысуы осы өзгерістердің іске асуына мүдделігігі мен құлшынысын, аса қызығушылығын білдіреді. Құрметті, жерлестер! Біз ел ертеңі үшін бірге таңдау жасауымыз қажет.
Манарбек ТІЛЕПОВ,
аудандық референдум комиссиясының төрағасы.
Меніңше референдум азаматтарға жаңа саяси жүйемен құрылатын мемлекеттің алғашқы кірпішін қалауға мүмкіндік береді. Ел үшін аса маңызды осынау күні жүрегінде еліне, жеріне деген жанашырлығы бар әр азамат өз даусын беретіні сөзсіз. Ол үшін учаскелерге келіп, «иә» не «жоқ» деп таңдау жасау жеткілікті.
Ерғазы ЕСПЕНОв,
аудан әкімінің орынбасары.
Саясаты заман ағымына сай қалыптасқан, «халық үніне құлақ асатын» мемлекетте өмір сүру – болашақтағы ғана арман емес, күні бүгін, алдағы жарты жылдан соң әбден жүзеге аса алатын шынайылық. Бұл шынайылықты жақындату – әр азаматтың қолында. Ол үшін тек референдумға қатысып, өз үнін білдіруі жеткілікті.
Жеңіс АДИЛОВ,
аудан әкімінің аппарат басшысы.
Халқының өмір сүру сапасы жақсарған, құқықтық қорғалуы күшейген, мемлекеттік басқару ісіне қатысуы қарастырылған ел болу үшін оған мүмкіндік беретін нормаларды заңды тұрғыдан бекіту қажет. Онсыз бұл өзгерістер еш жүзеге асырыла алмайды. Конституциялық реформалардың референдумға шығарылуының басты мақсаты да осы.
Майра БАЗАРОВА,
аудандық білім бөлімінің басшысы.
Осы референдум арқылы халықтың саяси мәдениетінің алғышарты қалыптасады, сөйтіп қазақстандықтар әлемдік өркениетке тағы бір табан жақындай түседі. Халық референдумда өз көзқарасын білдіруі үшін Конституцияға енгізілетін өзгерістермен және толықтырулармен толық таныс болуы тиіс. Ол үшін мерзімді басылымдардан көз үзбеген абзал.
Ербол ӘБУТӘЛІПОВ,
аудандық мәслихат хатшысы.
Әлемдегі тәжірибеге сүйенсек, заңды қабылдаудың дәл осындай тәртібі жұмыс істейді. Ешбір елде енгізілетін әрбір өзгеріс бойынша жеке-жеке бюллетень жасалмаған. Дауыс берушінің қолына «иә» немесе «жоқ» деген жауапты таңдауына мүмкіндік беретін бір ғана бюллетень беріледі.
Бауыржан ЕСЕЕВ,
аудан әкімінің орынбасары.
Конституцияға енгізілетін өзгерістердің басты мақсаты – қоғамның Жаңа Қазақстанға деген сенімін арттыру. Бүкілхалықтық референдумға қатысу арқылы сіз халық қабылдайтын шешімге өзіңіздің де қатысыңыз бар екенін дәлелдейсіз.
Назира АЛТАУЕВА,
аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.
Конституциялық реформалар іс жүзінде жүзеге асуы үшін азаматтардың билікке деген сенімі болуы керек. Ал бұл сенім мемлекеттік басқару ісіне халықтың өзі кеңінен тартылып, барынша қатысқанда ғана туындайды. Сондықтан халық сеніміне ие болған билігі бар елдің негізін құру үшін менің де, сенің де референдумда өз көзқарасымызды білдіруіміз аса маңызды!
Марат ДИХАНБАЙ,
аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшісі.
Әр саналы азамат бұл күні үйде отырмай, референдумға барып, дауыс береді деген ойдамын. Себебі, республикалық референдумда халықтың көз қарасы айқын көрініс табады. Сондай-ақ, бұл біздің бірлігімізді, ата-бабамыз аманаттаған ынтымағымызды сипаттайтын саяси науқан болмақ.
Ерболат ЖӘДІК,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары.