Н.Нұржігітов медициналық қызметтің сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді

275 Views

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов ден­саулық сақтау саласын жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға қалалық және бір­қатар аудандық емханалардың бас дәрігерлері, «СК-Фармация» ЖШС филиалы, облыстық меди­циналық және фармацевтикалық бақылау департаменті, Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы филиалдары, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ өкілдері қатысты.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев атқарылып жатқан жұмыстар және өзекті мәселелер туралы баяндады.
Ағымдағы жылы Шу қалалық емхана ғимара­тын, Меркі аудандық орталық ауруханасының бөлімшесін, облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының радиологиялық корпусын қайта жаңғыртудан өткізу, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында орталық аудандық емхана, Шу ауданының Төле би ауылында балаларды оңалту орталығын салу жоспарлануда.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл өңірде 19 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталып, 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
2023-2025 жылдар аралығында ауылдық жерлерде 54 медициналық нысанның құрылысы жоспарланса, оның 18-і келесі жылдың еншісінде.
Соңғы екі жылда 1 сызықты үдеткіш аппарат, 2 магнитті-резонансты томограф, 1 ультрадыбыстық және рентгендік бағыттағы толқынды литотрипсия жүйесі, 5 компьютерлік томограф, 6 сарапшылық класты ультрадыбыстық аппарат сатып алынды.
Қазіргі уақытта денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жабдықтау деңгейі 88,4 пайызды (республика бойынша – 83,32 пайыз) құрады. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90,9 пайызға жеткізу көзделуде.
Тағы бір маңызды мәселе – медициналық кадрлардың тапшылығы. Биыл 96 түлек жас маман қатарына қосылады деп күтілуде, ал келесі жылы 101 жас маманмен толықпақ. Олар баспанамен қамтылып, көтерме жәрдемақы алатын болады.
Әсет Қалиев кадр тапшылығы мәселелерін шешу мен жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тұрғындардың басқа өңірлерге емделуге баратындар санының азаюына ықпал етіп жатқанын алға тартты.
Облыста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық – санитариялық алғашқы көмек жөніндегі Еуропалық бюросының кеңсесі өкілдерінің қатысуымен Меркі, Жамбыл аудандарында және облыс орталығында №5 Қалалық емхана базасында үздік тәжірибе орталықтарының ашылуы өтті. Ағымдағы жылы Талас, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында, сондай-ақ, Шу қаласында осындай 4 орталық ашу жоспарланған. Меркі ауданының екі ауылдық округінде «Ұшқын» жасөспірімдер мен жастар денсаулығы орталығы ашылды, «денсаулықты нығайтатын мектептер» жобасы, «Здоровый аул» жобасы енгізілді.
Жиынға қатысушылар облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды да талқылады.
– Мемлекет үшін ең басты құн­дылық – ел азаматтарының денсау­лығы. Біздің ортақ мақсатымыз – халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру. Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға қомақты қаржы бөлуде. Медициналық ұйымдардың сенімгерлік басқа­руына берілген серік­тестіктер өз мін­детте­ме­ле­рін мүлтіксіз орындауы тиіс. Бұл меди­циналық қызметтердің сапа­сын артты­руға, медициналық жаб­дықтармен қамтамасыз етуге қатыс­ты, – деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, ана мен баланы қорғауға баса назар аударуды, жас мамандарға қолдау көрсету мәсе­лесін пысықтауды, үздік тәжірибе бойынша медициналық орталықтарын көбейтуді тапсырды.
– Медициналық сақтандыруы жоқ тұрғын­дарға да сапалы әрі же­дел медициналық көмек көрсетілуі керек, – дей келе облыс әкімі аудан­дар­­ға жұмыс сапарлары кезінде ха­лық­қа медициналық қызметтің қолже­тімділігі мен оның сапасын қам­тамасыз ету жұмыстарына ай­рық­ша көңіл бөлінетінін атап өтті.
Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізілетін болады.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: