Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің тәртібімен шағымдану ерекшелігі

403 Views

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің» қабылдануы – (бұдан әрі- ӘРПК), біздің еліміздегі елеулі оқиға. Кодекс-құқықтық мемлекеттің маңызды атрибуты, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің сенімді тірегі десек те болады.
ӘРПК-сі өзара екі байланыс нысандарының қызметін, яғни әкімшілік актіні қабылдау рәсімі мен оны даулау процесін көрсетеді. Кодекс жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруды; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізуді; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз етуді; жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайтуды қамтамасыз етеді.
Нақтырақ айтқанда, Кодекстің негізгі мәні – тұлғалардың әкімшілік органға жүгінуі нәтижесінде қабылданатын әкімшілік акті, оны орындау, заңсыз актіні заңсыз деп тану, жоюмен байланысты әкімшілік органдарының қызметі, сондай-ақ, әкімшілік орган және соттың дауларды шешу тәртібі болып табылады. Кодекстің тағы бір жаңашылдығы: ендігі жерде сотта әкімшілік іс қаралғанда дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс.
Осы кодекс бойынша азамат мемлекеттік органның шығарған әкімшілік актісімен келіспейтіні туралы «талап қоюмен» жүгінсе жеткілікті. Сот талап қоюшыға талап қоюды дұрыс толтыруға, формальды қателерді түзетуге, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеп, өзінің шығарған шешімінің орындалуын бақылайды. Осы жерде Кодекстің жаңашыл қағидаты – «соттың белсенді рөлі» қағидаты жұмыс жасайды, яғни сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтініш хаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелер жинайды, сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды. Сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы. Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Жаңа заңнама мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептер мен бұза отырып, дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқығын белгілеген.
Демек, әкімшілік әділетті енгізу құқықтық мемлекетті дамытуда маңызды қадам болуға және Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге тиіс.

С.Узбеков,
аудандық соттың судьясы.

Поделиться ссылкой: