Отбасын сақтаудың маңызы зор

416 Views

Отбасын сақтаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, әлеуметтік мемлекеттің негізі болар бала мен оның құқығын қорғау. Қазіргі уақытта жас отбасылардың арасында ажырасу, алимент төлеуден жалтарған әкелер кейінгі жылдары тым көбейіп кеткен. Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда отау құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады.
Ерлі-зайыптылардың ажырасу себептері өзара түсіністік, байланыс және терең қарым-қатынастың болмауы, зорлық-зомбылықтың орын алуы, өзімшілдік, өз қателіктерін мойындауға қабілетсіздігі, ерлі-зайыптылардың біреуінде отбасылық құндылықтардың болмауы, әлеуметтік-экономикалық проблемалардың орын алуы. Отбасы бұзылған кезде әрдайым балалар зардап шегеді.
Қазіргі уақытта сот, отбасын сақтап қалу және дау-жанжалдан арылмай жүрген ерлі-зайыптыларды татуластыру үшін тараптардың татуласуына барлық шараларды қолданады.
Ол үшін тараптарды татуласуға шақырып, бұл рәсімді жүргізу талап қою арызы сотқа түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аяқталатындығын, сонымен қатар тараптарға алдын ала кәсіпқой психологпен және медиатормен кеңесу құқығын түсіндіреді. Тараптар татуласу рәсімдеріне қатысуға келісіп, шақыруды қабылдаған жағдайда, татуластыру рәсімін жүргізуші судьямен қатар аудан әкімдігінде отбасы мәселесі жөнінде арнайы топ құрылып, өз жұмысын атқаруда. Бүл топта білікті психолог маман, дау-жанжалға қатысушылармен әңгімелер өткізеді. Дауды сот тәртібімен шешудің балалар үшін әкеп соғатын психологиялық салдарын түсіндіреді. Сонымен қоса осы отбасы мәселесіне қатысты тараптардың отбасылық шиеленісін шешуге ауданымыздағы билер мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатыстырылып, олар да өз септігін тигізуде.
Отбасы құндылықтарын сақтау, ана мен бала құқығын қорғап, кәмелетке толмаған балалардың ата-анасымен келісімде өмір сүруіне, олардың тұлға ретінде қалыптасуына жәрдемдесу үшін Тұрар Рысқұлов аудандық сотының бастамасымен Тұрар Рысқұлов аудандық АХАТ ғимаратында отбасылық құқықтық кеңес беру кабинеті ашылды.
«Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген бабаларымыздың нақыл сөзін жадымызда ұстап, ақылмен ұрыс-керіс, дау-жанжалдың алдын ала білейік. Отбасы тағдыры – ұлт тағдыры екенін естен шығармайық.

С.Қалқабаев,
аудандық соттың судьясы.

Поделиться ссылкой: