Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
21 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Құланнан шыққан Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаровтың есімі елге белгілі. Екеуі де еркін күрестен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері. Ислам – Сиднейде күміс, Ақжүрек – Лондонда қола медальға ие болды. Бұны ел ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Өйткені, ол – тарих.
Қазір Ислам да, Ақжүрек те спорттың басы-қасында жүргенімен, әлдеқашан спорттағы карьерасын аяқтаған. Құланнан шыққан тағы бір апайтөс балуан Әділет Дауланбаевтың да есімі мұқым қазаққа таныс. Ол талай байрақты додада ел намысын абыроймен қорғаған, қорғап та жүр. Оның күресін экраннан көрдік жақында. Яғни, «Болат Тұрлыханов кубогі» рейтингтік турнирінде. Жасы отыздан асса да Әділет әлі бабында екен. Еркін күресте атой салып жүрген тағы бір жерлесіміз Әлішер Ерғалиды біз жазбай-ақ сіздер біліп отырсыздар.
Әлішер тіпті Токиоға барды. Нашар белдескен жоқ. Барын салды. Бірақ, болмады. Дегенмен, Әлішердің болашағы жарқын екенін біз білеміз. Қазіргі таңда алдыңғы толқын ағалардың жолын қуып, тағы бір жасөскін жігіт жетіліп келе жатыр. Оның есім-сойы – Нұрданат Айтанов.
Жақында Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Нұрданат жеңімпаз атанды. Яғни, тұғырдың ең биік сатысынан көрініп, Көк байрағымызды Көкте желбіретті. Нұрданат былтыр Венгрия елінде өткен әлем біріншілігінде қола медаль иеленген болатын. Оны біз газетке жаздық та. Тізбектей берсек, Нұрданатта жетістік көп. Ол еркін күрестен жасөспірімдер арасында ел чемпионы. Биыл Түркияның Анталия қаласында өткен «WIKTORIA CUP» халықаралық турнирінде де жеңімпаз болды. Дәл қазіргі сәтте Нұрданат Айтанов облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатында оқиды. Сонда шеберлігін шыңдап жатыр. Ол – «Спорт шеберіне үміткер». Негізінен, жас балуанның алғашқы бапкері – Асхат Телекеев. Яғни, Нұрданатқа күрестің қыр-сырын алғаш үйреткен бапкер – Асекең.
Жуырда Нұрданат туған жерге келді. Жас өренді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жаманбаев қарсы алып, сый-құрмет көрсетті. Ерлік Тоғанбайұлы мен Асхат Тұрсынханұлы қазіргі таңда бұқаралық спортты дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көп екенін тілге тиек етіп, Нұрданат Айтановты жеңісімен құттықтады. Салтанатты іс-шара соңында жас балуанға Ерлік Өскенбаевтың демеушілігімен сыйға тай берілді.
Марат Жолдасбекұлы.