Журналистік фольклор (Эпиграмма)

442 Views

Ұлт әдебиетінің дәуірлеп тұрған шағында, дүркіреп тұрған уақытында ақындар мен жазушылар түрлі жанрларды зерттеп, түрлі бағыттарды зерделеді. Осы жанрлардың ішінде көп ақындардың шамасы келмеген, көп қаламгерлердің қуаты жетпеген жанр – эпиграмма. Эпиграмманы өте өзекті һәм өткір жазған жалғыз жан – Жарасқан Әбдірәш. Алдияр оқырман, ақынның түрлі тұлғаларға жазған эпиграммаларының нақышын өзгертіп, бояуын бөлектендіріп – «Құлан таңы» газетінде қызмет атқарған, қызмет атқарып жүрген жандарға шақтап жасаған нұсқамызды назарларыңызға ұсынамыз!

ТҰРСЫНХАН ЖАМАНБАЕВҚА

Жасынан-ақ жайсаңдарға ұмтылған, –
Кіл жастарға қорған болған, құлшынған.
– Үш рет бас редактор болған кім бар? –
десең қазір,
барлық жұрттың айтатыны:
«Тұрсынхан!»

Газет үшін жанарына мұң тұнған,
Газетті ойлап санасында сыр тұрған.
Жүрек сыздап, көкірегі де айырылған,
Газет көрсе жыртылған…

СЕЙСЕН
ҚОЖЕКЕГЕ

Әкімдікке кіріп қалсаң – Сейсекең,
Мойыныңды бұрып қалсаң – Сейсекең.
Бір есікті ашып қалсаң – Сейсекең,
Редакцияны басып қалсаң – Сейсекең.
Журналдарды парақтасаң – Сейсекең,
Газеттерді қарап қалсаң – Сейсекең.
Мешіт бойлап араласаң – Сейсекең,
Думан-тойға бара қалсаң – Сейсекең.
«Мына біреу тәп-тәуір ақ күйші екен»
деп жазуға барып едім…
Мұнда да отыр Сейсекең…

МҰРАТБЕК ӨМІРЗАҚОВҚА

Жұмысында тұрақты,
Біледі жұрт Мұратты.
Алғашқыда барлығы,
Аппаратта ұнатты.

Содан кейін көп адам,
«Батылдығы бар!», – десті.
«Әзілге де, не керек,
Жақындығы бар!», – десті.

Құлақ асып дабырға,
Қарсы жүзіп ағынға.
Өмірінде көрмеген, –
Газетке де, ал, көшті…

Редактор боп, бұл аға,
Газет басты күнара.
Газет деген – азап қой,
Осы азапқа шыдаған.

Көңіл деген – элегия,
Өмір деген – комедия.
Осы өмірді жазатын, –
Газет деген – драма.

«Неге олай?» – деп сұрама…

РАЯ САКАЕВАҒА
«Құлан таңын» сарылып та,
сарғайып,
Жөндеуінде бар ма кінә,
бар ма айып!
Бір макеттің машақаты тым ауыр, –
Осыны да ойлайық!..

Өңдеу,
жөндеу,
түзеу,
күзеу – салтыңыз!
Соныңызбен кетті өсіп нарқыңыз.
Бір газетке жауап беру қиын ғой,
Жауапсызға айналғанда жалпымыз…

 

Поделиться ссылкой: